Ата-аналар сәбидің туу туралы куәлігін онлайн рәсімдеу кезінде аты-жөнін өзі қалаған нұсқада тіркеуде қиындықтарға тап болғанын айтып, желіде шағымданды. Цифрлық жүйедегі мұндай іркілістерге байланысты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі арнайы түсініктеме берді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Азаматтардың айтуынша, банктердің мобильді қосымшалары арқылы баланың құжатын толтырғанда шектеулер кездеседі. Егер тегі «-ов» немесе «-ева» болып аяқталса, жүйе әкесінің атын «ұлы» немесе «қызы» түрінде тіркеуге мүмкіндік бермейді. Мұндай техникалық кедергілер ата-аналар арасында туу туралы куәлік алу процесін күрделендіріп отыр.
Әділет министрлігінің мәліметінше, ел заңнамасында «ұлы» және «қызы» нұсқаларын «-ов», «-ев», «-ова», «-ева» сияқты жалғаулармен қатар қолдануға ешқандай тыйым салынбаған. Ата-аналар баласына аралас нұсқада да аты-жөн таңдай алады, тек бұл орайда қазақ тілінің грамматикалық ережелерін ескерген жөн.
Ұлттық дәстүрге сай қазақ ұлтына жататын азаматтар тегі мен әкесінің атындағы кеңестік жалғаулардан бас тартып, «ұлы» немесе «қызы» сөздерін пайдалануға толық құқылы. Мемлекет тарапынан аты-жөнді тіркеудің бірнеше заңды жолы қарастырылған.
Аты-жөнді жазудың негізгі нұсқалары
Министрлік мамандары «Ахметов Серік Айбекович» деген аты-жөнді мысалға келтіре отырып, оны заңды түрде қалай өзгертуге болатынын көрсетті:
-
«Айбекұлы Серік» – мұнда әкесінің аты «ұлы» қосымшасымен тегінің орнына жүреді, ал әкесінің аты жеке жазылмайды;
-
«Ахмет Серік Айбекұлы» – тегі «-ов» жалғауынсыз көрсетіліп, әкесінің аты «ұлы» болып тіркеледі;
-
«Айбек Серік Айбекұлы» немесе «Айбек Серік» – тегінің орнына әкесінің аты толық қолданылады.
Бүгінде азаматтардың көбі мемлекеттік қызметтерді екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы алуға дағдыланған. Егер банктік жүйе қалаған нұсқаны таңдауға мүмкіндік бермесе, мамандар өтінішті «цифрлық үкімет» eGov веб-порталы арқылы жіберуді ұсынады. Сонымен қатар, ХҚКО орталықтарына немесе АХАТ тіркеу органдарына тікелей барып, туу туралы куәлікті еш кедергісіз рәсімдеуге болады.
Ресми орындар азаматтарға өз құқықтарын пайдаланып, баланың аты-жөнін заң талаптарына сәйкес дұрыс тіркеуге кеңес береді.





