Жаңа оқу жылы жақындаған сайын ата-аналардың алдында мектеп құралдары мен рюкзак таңдау мәселесі көтеріледі. Балалардың омыртқа саулығы мен мүсінінің дұрыс қалыптасуы мектеп сөмкесінің салмағына тікелей байланысты. Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігі оқушыларға арналған рюкзактардың салмақ нормалары мен арнайы талаптарын жария етті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мектеп сөмкесінің салмақ нормалары
Дәрігерлердің айтуынша, толық жиналған мектеп рюкзағының салмағы баланың өз салмағының 10%-ынан аспауға тиіс. Мысалы, егер оқушы 30 келі тартса, оның арқалаған сөмкесі 3 келіден ауыр болмаған абзал.
Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен белгіленген ережеге сай, ішіндегі оқулықтар мен дәптерлердің салмақ шегі (бос сөмкенің өзін есептемегенде) мынадай мөлшерден аспауы керек:
-
1-3 сынып оқушылары үшін: 2 келіге дейін;
-
4-5 сынып оқушылары үшін: 2,5 келіге дейін;
-
6-7 сынып оқушылары үшін: 3,5 келіге дейін;
-
8-11 сынып оқушылары үшін: 4,5 келіге дейін.
Сонымен қатар, бос рюкзактың салмағы 1 келіден аспайтын жеңіл материалдан жасалғаны жөн. Мектеп сөмкесі баланың белінен төмен түспей, арқасына нық орналасуы шарт.
Рюкзак таңдауда неге мән беру қажет?
Мамандар мектеп рюкзагын баланың өзімен бірге кигізіп көріп таңдауды ұсынады. Сатып алу кезінде мынадай техникалық ерекшеліктерге назар аударған жөн:
-
Жүктемені иыққа біркелкі бөлетін кең әрі жұмсақ баулар;
-
Омыртқаны тік ұстауға көмектесетін тығыз, ортопедиялық арқалық;
-
Иықбаулардың ұзындығын баланың бойына шақтап реттеу мүмкіндігі;
-
Қараңғы мезгілде жүргізушілерге анық көріну үшін жарық шағылыстыратын элементтер;
-
Төзімді, су өткізбейтін сапалы мата.
Ауыр сөмке ағзасы енді қалыптасып келе жатқан баланың арқа омыртқасының қисаюына (сколиоз) және тез шаршауына әкеледі. Бұл мәселені шешу үшін ата-аналар сөмкенің ішін апта сайын тексеріп, сабаққа қатысы жоқ артық ойыншықтар мен кітаптарды үйде қалдыруды әдетке айналдыруы тиіс.
Сондай-ақ, баланы сөмкені тек бір иыққа аспай, екі иыққа қатар асып жүруге баулу маңызды. Осылайша жүктеме дененің қос бағытына тең түседі. Жергілікті мектептерде оқулықтардың электронды нұсқасын қолдану немесе мектеп ішінде жеке шкафтар орнату да бұл мәселені оң шешуге жол ашады.





