Ел тыныштығы мен мемлекеттік шекараның беріктігі – күн сайын қырағылықты, кәсіби шеберлікті және жоғары жауапкершілікті талап ететін маңызды міндет. Осы материалда ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің Алакөл және Панфилов бағыттарындағы шекара бөлімшелерінде қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілердің еңбегі, бөлімшелердің тарихы, жауынгерлік даярлығы мен шекарадағы күнделікті қызметі туралы ақпарат ұсынамыз.
Шекара шебінде шыңдалған
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасының «Басқан» шекара бөлімшесі топ бастығы, аға сержант Дәурен Құрманғалиев мемлекеттік шекараны күзетуде кәсіби біліктілігімен ерекшеленіп келеді.
Көп жылғы тәжірибесін жас әскери қызметшілермен бөлісіп, олардың кәсіби даярлығы мен әскери тәртібін қалыптастыруға үлес қосып жүрген тәжірибелі шекарашы ұжым арасында абыройға ие.
2023 жылдың қорытындысы бойынша Дәурен Құрманғалиев «Шекара бөлімшесінің үздік жүргізушісі» атанған. Әскери техниканы жетік меңгерген маман үшін қызметтік көліктің жарамдылығы мен техниканы дұрыс пайдалану – шекара нарядтарының қауіпсіз әрі сапалы қызмет атқаруының маңызды кепілі.
Бүгінде аға сержант мемлекеттік шекараны күзетумен қатар, жас буынға тәлімгерлік жасап, өзінің мол тәжірибесін кейінгі әріптестеріне үйретіп келеді.
Отан шебі – аманат
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Лепсі» шекара бөлімшесі 1961 жылдан бері мемлекеттік шекараны күзетіп келеді.
Бөлімше Қазақстан мен Қытай арасындағы 31 шақырым шекара учаскесінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бүгінде капитан Серікбай Кариев басқаратын жеке құрам жауынгерлік даярлық пен әскери тәртіпке ерекше мән береді.
Шекаралық заңнаманың сақталуын бақылау, қызметтік міндеттерді сапалы орындау және жеке құрамның кәсіби дайындығын жетілдіру – бөлімше жұмысындағы басты бағыттардың бірі.
Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, шекара маңындағы тұрғындарға шекара режимінің талаптарын түсіндіру жұмыстары да тұрақты жүргізіледі.
Қырағылық – шекарашы қызметінің басты талаптарының бірі. Бөлімше нарядтары қызмет барысында шекара режимін бұзған азаматтарды анықтап, заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылдап келеді.
Алпыс жылдан астам тарихы бар «Лепсі» шекара бөлімшесінің әскери қызметшілері ел шебін күзету дәстүрін жалғастырып, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып келеді.
«Үйгентас» – аңыздан ақиқатқа дейін
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің Алакөл ауданындағы «Үйгентас» шекара бөлімшесі тарихы терең өлкеде мемлекеттік шекараны күзетіп келеді.
Бөлімше атауының шығуына қатысты ел арасында бірнеше аңыз бар. Соның бірі бойынша, жауға қарсы аттанған қазақ батырлары бір-бір тастан көтеріп әкеліп, үйген. Осылайша үйілген тастар бірліктің, қайсарлықтың және ел қорғаудың белгісіне айналған деседі.
Кеңес Одағы тұсында іргесі қаланған бөлімше 1968–2022 жылдары заставаның Севостьян Кривошеин есімімен аталуымен де тарихта қалды.
Бүгінде әскери ұжымды аға лейтенант Қуаныш Бөгенбаев басқарады. Тәжірибелі офицер жеке құрамның жауынгерлік даярлығы мен әскери тәртібіне баса назар аударып, мемлекеттік шекараны сенімді күзетуді ұйымдастырып келеді.
«Үйгентас» шекарашылары үшін қызмет – тек әскери міндет емес, ата-баба аманатына адалдық. Қырағылық пен ұйымшылдықты басты орынға қойған сақшылар ел тыныштығы мен шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында тәулік бойы қызмет атқаруда.
Темір тұлпардың тілін білген…
Шекарадағы қызметтің үздіксіз әрі қауіпсіз атқарылуы әскери техниканың сақадай сай болуына да тікелей байланысты.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің «Лепсі» шекара бөлімшесінің аға технигі, аға сержант Иван Калашников әскери техниканың жарамдылығын қамтамасыз етіп, қызметтік көліктердің әрдайым дайын болуына жауап береді.
Лепсі ауылында дүниеге келген әскери қызметші мерзімді әскери қызметтен кейін шекарадағы қызметін келісімшарт бойынша жалғастырған. Көп жылғы тәжірибесі бар маман таулы аймақта техниканың сенімділігі шекара нарядтарының қауіпсіздігі үшін аса маңызды екенін жақсы біледі.
Сондықтан ол әр көлікті мұқият тексеріп, техникалық ақауларды дер кезінде анықтауға баса мән береді. Әскери техниканың әр бөлшегінің жұмысқа дайындығын бақылау – шекарадағы қызметтің ажырамас бөлігі.
Аға сержанттың еңбегі көбіне көзге көріне бермейді. Алайда сапқа дайын тұрған техника мен тапсырмасын қауіпсіз орындап оралған шекара нарядының артында осындай жауапты мамандардың еңбегі жатыр.
«Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары»
Шекарашылардың қызметі әскери даярлықпен ғана шектелмейді. Олардың рухани-танымдық деңгейін арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған іс-шаралар да тұрақты ұйымдастырылады.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасының сарбаздары Алакөл аудандық орталық кітапханасында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары» атты ашық кітап көрмесіне қатысты.
Іс-шара барысында сарбаздар Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптармен танысып, ақынның мол әдеби мұрасы туралы мағлұмат алды.
Көрме әскери қызметшілердің рухани-танымдық білімін арттырып, ұлы ойшылдың шығармаларын кеңінен танытуға бағытталды.
«Абай – руханияттың биік шыңы»
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің «Қорғас» шекаралық бақылау басқармасының жеке құрамымен де Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына орай «Абай – руханияттың биік шыңы» атты тақырыптық кеш өтті.
Іс-шараны Панфилов аудандық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының меңгерушісі Балауса Жеңіс пен мемлекеттік тіл оқытушысы Оглям Садыкова ұйымдастырды.
Тақырыптық кеш барысында әскери қызметшілер ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы мағлұмат алып, Абай мұрасының қазақ халқының рухани өміріндегі маңызына тоқталды.
Ақынның тағылымды ойлары мен шығармалары әскери қызметшілерді елге, жерге деген сүйіспеншілікке, білімге және жауапкершілікке үндейтін рухани құндылық ретінде дәріптелді.
Шекарашының тірегі – шаңырағы
Шекарадағы жауапты қызметте әскери қызметшінің жанұясының қолдауының орны ерекше. Ұзақ кезекшілік, тәуліктік нарядтар мен қызметтік тапсырмаларға түсіністікпен қараған отбасы – шекарашының сенімді тірегі.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасының «Лепсі» шекара бөлімшесінің топ бастығы, кіші сержант Дәурен Әуелхан әскери қызмет жолын «Жас Ұлан» мектебінен бастап, бүгінде тәжірибелі шекарашы ретінде еңбек етіп келеді.
Кәсіби шеберлігі үшін ол «Үздік ізші – із кесуші» және «Үздік аға шекара наряды» номинацияларымен марапатталған.
Жауапты қызметте Дәуренге жұбайы Мерей Дулатқызының қолдауы ерекше демеу. Ұзақ кезекшілік пен қызметтік міндеттерге түсіністікпен қарайтын жары отбасының берекесін сақтап, шекарашының алаңсыз қызмет атқаруына жағдай жасап келеді.
Бүгінде ерлі-зайыптылар ұлдары Әмірді тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Дәурен Әуелхан үшін шаңырақтың амандығы мен отбасының сенімі – қызметтегі үлкен тірек.
Шекара шебіндегі қызмет – күн сайын сергектік пен жауапкершілікті талап ететін абыройлы міндет. Бірі мемлекеттік шекараны күзетсе, бірі әскери техниканың дайындығын қамтамасыз етеді, енді бірі жас буынға тәжірибесін үйретіп, тәлімгерлік етеді. Ал олардың барлығын біріктіретін ортақ мақсат – ел тыныштығы мен шекара қауіпсіздігін сақтау.
Жетісу өңіріндегі шекарашылардың күнделікті еңбегі – Отан алдындағы адалдық пен кәсіби жауапкершіліктің нақты көрінісі.










