Жетісу өңіріне жұмыс сапарымен келген «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабының өкілдері «Жетісу» кәсіби волейбол клубының спортшыларымен және мамандарымен кездесті. Басқосуда жастардың спортқа қызығушылығын арттыру, бұқаралық спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымды жетілдіру және жас спортшыларға жағдай жасау мәселелері талқыланды.
Халықаралық жастар күніне орай өткен шарада партия төрағасы Айбек Дәдебай жастарды мерекемен құттықтап, олардың өз қабілетін дамытуына мүмкіндік жасаудың маңызын атап өтті.
Жастарымыздың өз әлеуетін танытып, таңдаған саласында нәтижеге жетуі үшін мүмкіндік мол болуы қажет. Бұл спортқа да тікелей қатысты. Спорт тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастырып, мақсатқа ұмтылуға тәрбиелейді. Сондықтан балалар мен жастардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау маңызды, – деді Айбек Дәдебай.
Кездесу барысында «Жетісу» волейболшысы Назгүл Мақұлбек команданың биыл сәуір айында Қазақстан чемпионатында оныншы рет жеңіске жеткенін атап өтті. Бұл жетістік спортшылар мен жаттықтырушылардың ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесі екені айтылды.
Жиында кәсіби спорт пен бұқаралық спорттың байланысын күшейту, жасөспірімдерді спортқа тарту, спорттық нысандардың қолжетімділігін арттыру және ауыл жастарына мүмкіндік жасау мәселелері қозғалды.





