Мемлекет кәсіп бастаймын деген азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Соның жарқын дәлелі – Сарқан ауданының Лепсі ауылында өз кәсібін дөңгелентіп отырған Біржан Жанбаевтың ісі. Мемлекеттік гранттың игілігін тиімді пайдаланып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп жүрген кәсіпкер көпке үлгі.
Лепсі ауылындағы шағын ғана техникалық қызмет көрсету стансысына күн сайын ондаған көлік тоқтайды. Бірінде қозғалтқыштан ақау шықса, қосалқы бөлшегін ауыстыруға тура келеді. Құрал-сайманның сыңғыры мен қозғалтқыштың үні толастамайтын бұл шеберхана бүгінде ауылдың ғана емес, Балқаш көлі жағалауына қатынайтын жүздеген жүргізушінің сенімді тірегіне айналған.
1985 жылдың 1 наурызында Матай стансысында дүниеге келген Біржан Бауыржанұлы 2013 жылдан бері Лепсі ауылында тұрады. Осында отбасын құрып, бес бала тәрбиелеп отырған көпбалалы әке. Оның айтуынша, ауылда тұрып-ақ табысты еселеп арттыруға болады,
Кейіпкерімізге кәсіп ашу мүмкіндігі 2025 жылы бұйырды. «Бастау-бизнес» бағдарламасы аясында 1,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болған Біржан қаражатты толықтай кәсібін дамытуға жұмсады. Заманауи құрал-жабдықтар сатып алып, техникалық қызмет көрсету стансысын ашты. Бүгінде сол мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін ауыл тұрғындары күн сайын көріп отыр.
– Бұл грант кәсіп бастауыма үлкен серпін берді. Егер мемлекет осындай қолдау көрсетпегенде қажетті құрал-жабдықтарды бірден сатып алу қиын болар еді. Ал қазір ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетеміз, – дейді кәсіпкер.
Бүгінде шеберханада автокөліктердің мотор және қозғалтқыш майы ауыстырылады. Қандай жұмыс болмасын, Біржан сапаға ерекше мән береді. Өйткені жолға шыққан көліктің қауіпсіздігі – ең алдымен шебердің жауапкершілігіне байланысты.
Кәсіптің нәтижесі нақты көрсеткіштерден де анық байқалады. 2025 жылдың қыркүйегі мен 2026 жылдың тамызы аралығында шеберханада 77 автокөлік толық жөндеуден өткен. Балқашқа апаратын жолда түрлі жағдай орын алуы мүмкін. Осындай сәтте Лепсі ауылында тәжірибелі маманның болуы жүргізушілер үшін үлкен көмек. Сондықтан Біржан Жанбаевтың қызметіне тек ауыл тұрғындары ғана емес, алыс-жақыннан келген саяхатшылар да жиі жүгінеді.
Бұл кәсіпте бос сөз жүрмейді. Нәтиже бірден көрінеді. Сондықтан кәсіпкер әр көлікті өзінікіндей қабылдап, сапалы жөндеуге бар күшін салады. Осындай жауапкершіліктің арқасында ол ауыл тұрғындарының сеніміне ие болды.
Біржан Жанбаевтың кәсібі – мемлекеттік гранттың нақты тиімділігін көрсететін табысты жобалардың бірі. Мемлекет кәсіп бастауға мүмкіндік берді, ал сол мүмкіндікті нәтижелі іске айналдыру кәсіпкердің өз еңбегіне, біліміне, табандылығы мен жауапкершілігіне байланысты. Соның арқасында бүгінде ауылда сұранысқа ие жаңа қызмет түрі қалыптасты.
Мемлекет шағын кәсіпкерлікті қолдау арқылы бірнеше маңызды мәселені қатар шешіп келеді. Біріншіден, ауыл тұрғындары тұрақты табыс көзіне ие. Екіншіден, халыққа аса қажетті қызмет туған ауылында көрсетіледі. Үшіншіден, ауыл экономикасы жанданып, тұрғындардың тұрмыс сапасы жақсарады.
Қайтарымсыз грант нәтижесінде ашылған шағын шеберхана бүгінде ауыл тұрғындары үшін қажетті нысанға айналып, кәсіпкердің адал еңбегі елдің алғысына бөленуде. Осындай еңбекқор азаматтардың арқасында ауылдың тынысы кеңейіп, елді мекеннің келешегіне деген сенім нығая түсуде.
Гүлжан ТҰРСЫН





