Қазақстанда әр жылдың тамыз айының үшінші жексенбісінде дәстүрлі түрде аталып өтетін Спорт күні қарсаңында республика бойынша ауқымды шаралар легі басталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мерекелік апталық аясында барлық өңірде екі жүз елуден астам түрлі спорттық дода өткізу көзделген. Ұйымдастырылып жатқан бұқаралық жарыстар, спартакиадалар, чемпионаттар мен жүгіру марафондары халықты салауатты өмір салтына баулуға бағытталған. Аталған бастама азаматтардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, қоғамда белсенді өмір салтын қалыптастыруға жол ашады. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай қолдаулардың арқасында елімізде дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысатын тұрғындардың қатары жыл сайын көбейіп келеді.
Туризм және спорт министрлігінің ұйытқы болуымен бірқатар маңызды республикалық іс-шара өткізілуде. Астана қаласындағы «Сарыарқа» велотрегінде өңірлердің спорт мекемелері қызметкерлері арасында тартысты жарыс өтіп жатыр. Сонымен қатар асық ату, үстел теннисі және дойбы түрлерінен ардагерлер арасында сайыстар ұйымдастырылды. Қазақ Ұлттық Спорт Университетінде өтетін пленарлық сессия барысында сала мамандары мен ардагерлерді қолдау мәселелері, медициналық өзгерістер мен алдағы даму жолдары кеңінен талқыланады.
Мерекелік шаралар тек елордамен шектелмейді. Талдықорғанда қызметкерлер арасында облыстық спартакиада ұйымдастырылса, Алматыда ауқымды спорт фестивалі мен велоспорттан әлем чемпионаты өтуде. Қарағанды мен Қостанай қалаларында жартылай марафондар өткізіліп, мыңдаған тұрғын бағын сынауда. Сондай-ақ Атырау, Ақтау, Шымкент пен Астана қалаларында гандбол турнирлері, таеквондо кубоктары мен бұқаралық веложарыстар ұйымдастырылуда. Тұрғындардың спорттық белсенділігін арттыруға арналған мұндай шаралар жас ұрпақтың патриоттық сезімін оятып, елдің спорттық әлеуетін арттырады.





