Талдыбұлақ сақ қорғандарында жергілікті тұрғындар жер қазып жатқан ауыр техниканы байқаған. Облыстық полиция жағдайға қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде видео жарияланды. Кадрлардан далада жүрген трактор мен кей жерлерде қазылған топырақты көруге болады. Видео авторының айтуынша, оқиға Талдыбұлақ сақ қорғандарында болған.
«Талдықорғанның Талдыбұлақ ауылындағы сақ қорғандарын техника қазып жатыр. Бұл археологтардың ісі емес қой», – деп жазды ролик авторы. Ол болған жағдайды вандализм деп бағалады.
Жетісу облысының әкімдігі жағдайға қатысты пікір білдірді.
– «14 қазанда әлеуметтік желілерде Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Шұбар ауылдық округінде орналасқан археологиялық қорған аумағында ауыр техниканы қолданып, заңсыз жер жұмыстарын жүргізу туралы ақпарат тарады. Қатысы бар тұлғаларды жауапқа тарту мақсатында құқық қорғау органдарына жолдау үшін қажетті материалдар дайындалды», – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Әкімдік мәліметінше, қазір учаскедегі барлық жұмыс тоқтатылған.
Ал өңірлік полиция департаменті вандализм фактісі бойынша тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.
Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне сәйкес, Кербұлақ ауданының Шұбар ауылы маңында қола дәуіріне жататын бірнеше археологиялық нысан – қорғандар тіркелген.





