Жетісу облысында алдағы уақытта ауқымды экономикалық өзгерістерді қамтитын төрт бірдей ірі жоба іске асырылады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы DairyNews.today сайтына сілтеме жасап.
2029 жылдың соңына дейін энергетика, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп бағыттарында маңызды бастамалар жүзеге асырылады. Басты инвестициялық жобалардың қатарында Панфилов ауданындағы арнайы экономикалық аймақта бой көтеретін жаңа өнеркәсіп қалашығы ерекше көзге түседі. Қытайлық серіктестердің қатысуымен жүзеге асатын бұл кешеннің құны 330 млрд теңгеге бағаланып отыр. Жобаға бөлінген аумақ бір мың гектарды құрайды.
Жаңадан салынатын кешен бірнеше функционалды аймақтарға бөлінеді. Атап айтқанда, мұнда әкімшілік, электрондық және тамақ өнеркәсібіне арналған орындар мен сауда аймағы жұмыс істейді. Сонымен қатар аумақта өндірістік жабдықтар паркі, мұнай-газ өнеркәсібі алаңы және түсті металлургия бағытына қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Мұндай ауқымды өндіріс орындары өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге зор септігін тигізеді.
Өнеркәсіп саласымен қатар энергетика мен аграрлық секторда да нақты қадамдар жасалуда. Ескелді және Көксу аудандарында жалпы құны 16,9 млрд теңгені құрайтын екі гидроэлектростанция салынбақ. Ал Қаратал ауданында ангус тұқымды ірі қара малға арналған 10 мың басқа шақталған откормочный кешені іске қосылады. Бұл жобаға құйылатын инвестиция мөлшері 9,9 млрд теңгені құрайды. Мамандардың пікірінше, аталған бастамалар аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемін ұлғайтуға жол ашады.
Мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан осындай инвестициялық жобалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын еселеп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Тұрғындар үшін жұмыс орындары ашылып, өндіріс көлемі артқан сайын өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері де сапалы жаңа деңгейге көтеріледі.





