9 маусымда Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін ауқымды цифрландыруды және жасанды интеллект технологияларын жаппай енгізуді көздейтін «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын бекітті. Бұл құжат елді цифрлық трансформациялаудың жаңа бағытын айқындап, мемлекеттік басқару, экономика мен әлеуметтік саланың тиімділігін арттыруға негіз болды. Осы ретте Жетісу облысы да «Smart Region» қағидаттарын негізге ала отырып, өзіндік цифрлық экожүйесін қалыптастырып келеді. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар жайлы Жетісу облыстық Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Айдын Темірбаев баяндады.
Өңірді цифрландырудың негізгі басымдықтарының бірі – мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен жеделдігін қамтамасыз ету. Тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейтін «109 қызметі» бірыңғай байланыс орталығы жыл басынан бері тұрғындардан түскен 14 мыңға жуық өтінішті өңдеген. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың жұмысын жеңілдету үшін Жетісу облысы әкімдігінің «Ситуациялық орталығы» ақпараттық жүйесі толық пайдалануға берілді.
Smart ТКШ саласында да елеулі өзгерістер бар. Талдықорған қаласында су мен жылу энергиясын есептейтін 2,6 мыңнан астам интеллектуалды есептеу құралы орнатылып, электр энергиясын автоматтандырылған есепке алу жүйесі енгізілді. Коммуналдық төлемді тұрғындар үшін қолайлы ету мақсатында YurtaDom-Taldyqorgan бірыңғай есеп айырысу орталығы іске қосылды. Қоқыс тасымалдау маршруттарын мониторингтеу үшін «Қалдықтар» АЖ енгізілсе, көлік саласында «ONAY!» электрондық билет жүйесі, қоғамдық көліктерді диспетчерлеу және 21 ақылды аялдама толықтай азаматтар игілігіне берілді, – дейді спикер.
Аймақтағы қауіпсіздік деңгейін арттыруда жасанды интеллект алгоритмдері де кеңінен қолданылуда. Жол ережесін бұзуды тіркейтін 68 аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істесе, 33 локациядағы 87 бейнекамера негізінде бейнеаналитика мен тұлғаны танитын TARGET-AI жүйесі іске қосылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 150 камераға дейін жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, террористік тұрғыдан осал объектілерді бақылау жүйесіне 54 білім беру мекемесі қосылған, тағы 53 әлеуметтік объектіні қосу жұмыстары жүріп жатыр.
Медицина саласында да цифрлық серпіліс бар. Өңірдің 16 медициналық ұйымында PACS жүйесі жұмыс істеп тұр. Ал облыстың үш инсульт орталығында мидың компьютерлік томографиясын талдайтын Cerebra медициналық жасанды интеллект ассистенті енгізілген. Жүйеге 64 маман қосылып, бүгінге дейін 2 172 КТ-зерттеу талданды. Нәтижесінде 397 жағдайда жедел ишемия, 287 жағдайда қан құйылу белгілері дер кезінде анықталды. Бұл жүйе дәрігердің шешім қабылдауына қолдау көрсететін маңызды көмекші құралға айналды, – дейді Айдын Темірбаев.
«Digital Qazaqstan» стратегиясының маңызды бағыты – адами капиталды дамыту. Осы орайда «Jetisu Digital» IT-хабы өңірдегі басты білім мен технология алаңына айналды. Мұнда бағдарламалау, жасанды интеллект, цифрлық дизайн бағыттары бойынша Samsung Innovation Campus, Tech Orda және Startup Orda 2.0 бағдарламалары жүзеге асуда. Тек 2026 жылдың өзінде хаб базасында 57 іс-шара өткізіліп, 1 380-нен астам адам қамтылды. «Digital Keruen» жобасы аясында цифрлық дағдыларды оқыту аудандарда да жүргізілуде. Оған қоса, Талдықорған қаласында 15 жастан асқан азаматтарды бағдарламалау мен ЖИ дағдыларына баулитын 50 жұмыс орнына арналған Tomorrow School мектебі құрылуда. Жаңа форматтағы білім ордасының ресми ашылуы 21 тамызға жоспарланған.
Мақпал Әділханқызы





