Жетісу облысы прокуратурасының үйлестіруімен өңірлік Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ел аумағында синтетикалық есірткі таратқан ұйымдасқан топтың жолын кесті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ауқымды жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде заңсыз айналымға қатысы бар 8 күдікті құрықталды. Тәртіп сақшылары жүргізген тергеу амалдары қылмыстық желінің шетелден басқарылғанын анықтады. Синтетикалық заттарды жеткізуді ұйымдастырушы сырттан бақылап, топ мүшелеріне тапсырма беріп, жасырын орындардың координаттарын жіберіп отырған. Ал қаржылық есеп-айырысулар «Exodus» криптовалюта әмияны арқылы жүзеге асырылған.
Күдіктілер басшының нұсқауымен Талдықорған, Алматы, Қонаев, Қаскелең және Павлодар қалаларында жасырын орындар (закладка) дайындап келген. Тінту кезінде «мефедрон» синтетикалық есірткі заты салынған орамалар, заттай дәлелдемелері бар ұялы телефондар тәркіленді. Мәселенің түпкі тамырына үңілсек, интернет арқылы таралатын есірткі саудасы – бүгінгі қоғам үшін ең қауіпті сын-қатерлердің бірі. Есірткі саудагерлері жастарды оңай олжаға қызықтырып, қылмысқа тартып жатады.
Қазіргі уақытта Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу барысы Жетісу облысы прокуратурасының тікелей бақылауында. Құқық қорғау органдары басты ұйымдастырушының жеке басын, оның жүрген жерін және есірткі жеткізу арналарын анықтау бойынша жұмыстарды белсенді жүргізуде.
Бұл бағыттағы нәтижелі жұмыстар – өңірдегі қоғамдық қауіпсіздік пен жастардың болашағын қорғауға бағытталған маңызды қадам. Басты оң өзгеріс – полиция мен прокуратураның жедел әрекеті арқасында тоннадаған улы заттың көшеге тарамауы. Есірткімен күрес – тек құқық қорғаушылардың емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Әсіресе, ата-аналар балаларының күмәнді әрекеттеріне, телефонындағы бейтаныс бағдарламалар мен күтпеген табыс көздеріне мұқият назар аударғаны жөн. Қоғам болып белсенділік танытқанда ғана есірткі сияқты қауіпті дертті жоя аламыз.





