Ел саясатының сарабдал жолға түсіп, мемлекет дамуының өзегі әрі сол мемлекеттің басқару жүйесінің жетілу жолындағы темірқазығы ретінде Жаңа Конституцияның қабылдануын айрықша атаймыз.
Бірегей заң демократиялық қағидаттар мен азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді, жаңа тетіктерін қалыптастырмақ. Бұл орайда конституциялық реформаның ең негізгі жаңалығы – Құрылтай институтының енгізілуі екенін бәріміз білеміз.
Тамырын ертеден тартқан, байырғы өркениет дәуірлерінен жалғасып келе жатқан елдік, азаматтық шешімдердің, қоғам мен ғасырлар арасындағы мызғымас байламдар мен ұлт және Отан хақындағы дүниелерді жан-жақты саралайтын Құрылтайдың жөні де, атқаратын биік міндеті де бізге таңсық емес.
Бұл, шындығында, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланысты күшейтіп, ел үнін мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне кеңінен жеткізуге мүмкіндік бермек. Түптеп келгенде, халық үніне құлақ асатын мемлекеттің ең айшықты әрі жауапкершілігі жоғары институты болмақ.
Шыны керек, Құрылтай институтының құрылуы – еліміздің саяси жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды реформалардың бірі. Ол мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді арттырып, азаматтардың басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Оған қоса, үзілген тарихтың жаңаша бағытта жалғанып, мемлекеттік биік мінбердің «Құрылтай» деп аталуы бізді ерекше қуантып, отансүйгіштік сезімімізді одан әрі асқақтатқандай күйге түсіргенін жасыра алмаймыз. Мұндай өзгерістер елдің тұрақты дамуына, ел сөзіне құлақ асатын зайырлы мемлекеттің гүлденуіне жол ашады деп сенеміз.
Ақжол Дәурен
Тарих пәнінің мұғалімі, Жаркент қаласы





