2026 жылғы 15 наурызда өткен жалпыхалықтық референдумнан кейін мемлекетіміздің саяси келбеті түбегейлі жаңару сатысына аяқ басты. Мемлекеттің Ата Заңына енгізілген ауқымды өзгерістер нәтижесінде бұрынғы екі палаталы парламенттен бас тартып, біртұтас Құрылтайға көшу процесі қарқынды жүріп жатыр. Осы реформалардың заңды жалғасы ретінде 2026 жылдың 23 тамызына жоспарланған Құрылтай сайлауы – ел тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі.
Жоғары өкілді орган мәртебесіне ие Құрылтайдың 145 депутаты алдағы сайлауда біртұтас жалпыұлттық сайлау округі аумағы бойынша пропорциялы жүйемен сайланады. Аталған жүйе саяси партиялар арасындағы бәсекелестікті жаңа деңгейге көтеріп, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыра түспек. Жаңа Конституцияның күшіне енуімен Сенат пен Мәжіліс өз өкілеттігін тоқтатып, барлық заң шығару билігі бір ғана палата – Құрылтайдың қолына өтеді.
Сайлау науқаны кезіндегі басты өзгерістердің бірі саяси партиялардың іріленуінен көрінеді. Мәселен, «Аманат» және «Әділет» партияларының бірігуі саяси алаңда қуатты орталықтың қалыптасуына әкелді. Сонымен қатар «Ақ жол», «Ауыл» және Қазақстан халық партиясы секілді ұйымдар да өз бағдарламаларын жаңартып, заң үстемдігі, азаматтардың құқығы және әлеуметтік әділдік мәселелерін басты орынға қойды. Партиялық тізімдерде әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға кемінде 30 пайыздық квота берілуі – қоғамның барлық тобының мүддесін ескеруге бағытталған қадам.
Құрылтайдың құзыреті тек заң қабылдаумен шектелмейді. Ол мемлекеттік басқару жүйесіндегі маңызды бақылаушы тетікке айналды. Ендігі кезекте депутаттар Үкімет мүшелерінің есебін тыңдап қана қоймай, олар заңдарды орындамаған жағдайда Президентке министрлерді лауазымынан босату туралы ұсыныс білдіруге құқылы. Сондай-ақ Үкіметке сенімсіздік вотумын жариялау мүмкіндігі сақталып, Парламенттің атқарушы билікке ықпалы күшейтілді.
Институционалдық жаңалықтардың қатарында Вице-Президент лауазымының енгізілуін ерекше атап өту қажет. Мемлекет басшысы бұл қызметке үміткерді Құрылтайдың келісімімен тағайындайды. Вице-Президент саяси жүйенің тұрақтылығы мен мемлекеттік басқарудың үздіксіздігін қамтамасыз етуге жауапты лауазымды тұлға ретінде танылады. Оған қоса, Президент жанындағы жоғары консультативтік орган – Халық Кеңесінің құрылуы билік пен бұқара арасындағы диалогты нығайтудың жаңа механизмі іспетті.
Жаңа Конституцияның тағы бір маңызды бағыты – адами капиталды дамыту және технологиялық прогресс. Ата Заң деңгейінде ғылымға, технологияға және жасанды интеллектке көңіл бөлінуі мемлекеттің стратегиялық бағдарын айқындайды. Азаматтардың жеке өміріне, деректеріне қол сұғылмаушылық кепілдіктерінің нығаюы және тұрғын үйден сот шешімінсіз шығаруға тыйым салынуы – адам құқықтарын қорғау жолындағы маңызды жетістіктер.
2026 жылғы тамыз сайлауы Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртудың шешуші кезеңі саналады. Құрылтай арқылы халықтың мемлекетті басқару ісіне қатысуы кеңейіп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік сақталады. Осы саяси науқан елдің демократиялық даму жолындағы тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі ретінде тарихта қалмақ.
Мәулен Әнербай





