Биылғы әлем кубогының алдында оқу-жаттығу жиынында жүрген Испания құрамасының қорғаушысы Марк Кукурельяны Мадридтің «Реалы» «Челсиден» 60 миллион еуроға ауысқанын хабарлады. Бұл жаңалықтан кейін футболшы мен оның жұбайы Клаудия Родригеске жанкүйерлер тарапынан, әсіресе, Марк футбол әліппесін үйренген, «Корольдік команданың» («Реалдың» лақап аты) негізгі қарсыласы «Барселона» фанаттарынан қысым болды. Бірақ бұл трансфердің артында спорттан да маңызды себеп бар еді…
Кейіпкеріміз алаңдағы жанкешті ойыншы. Кез келген нүктеден табыла кетеді. Шабуылды ұйымдастырады, қорғанысқа да үлгереді. Бір қапталды өз иелігінде ұстайды. Барын салып жүгіріп жүрген футболшыны ойын көріп отырған кез келген жанкүйер назарға алары анық. Оның үстіне бұйра ұзын шашы да басқалардан ерекшелеп тұрады. Тұрақты ойыны талайды таңғалдырды. Негізгі позициясы – сол жақ қапталдағы қорғаушы.
Марк Кукурелья 1998 жылдың 22 шілдесінде Испанияның Каталония аймағындағы Барселонаға жақын орналасқан Алелья қаласында дүниеге келген. Бала кезінен допқа деген қызығушылығы ерекше. Алғаш туған жеріндегі «FS Alella» футзал командасында болып, артынша 2006 жылы 8 жасында «Эспаньолда», 2012 жылы 14 жасында «Барселонаның» әйгілі La Masia академиясына ауысты. Артынша «Барселона В», «Эйбар», «Хетафе», «Брайтон» және «Челси» командаларында ойнады.
Марктың өмірлік серігі – Клаудия Родригес. Марк пен Клаудия алғаш рет жасөспірім кезінде әлеуметтік желі арқылы танысқан. Ол кезде Клаудия 17 жаста, Марк 18 жаста болды. Марк «Барселона B» сапында ойнаса, Клаудия классикалық балетпен айналысып жүрген еді. Алғашқы сөйлесуден кейін кездесіп, бірден бір-бірін ұнатқан. Олардың қарым-қатынасы 2018 жылы басталды. Бүгінде 3 баласы бар Матео (2019 жылы туған), Рио (2021 жыл) және Белла (2023 жыл).
Марк Кукурельяны қысқа-нұсқа таныстырдық. Біздің жобамыздағы негізгі келбеті – оның әкелік рөлі. Отбасы үшін жан пида болған футболшының әр ісі өнеге, көпке үлгі. Оның әр жасаған қадамы отбасына арналған. Бітіспес қарсылас болған «Барселона» мен «Реалда» қатар ойнағандар саусақпен санарлық. Сол тізімге Марк та қосылды. Таңдау жасауына себепші – отбасы.
Тұңғыш ұлы Матео – аутизм спектріндегі ерекше бала. Оған үш жас шамасында аутизм диагнозы қойылды. Кукурелья мен жары Клаудия Родригес диагнозды алғаш естігенде баласына қалай дұрыс қолдау көрсету керектігін білмей, біраз қиындыққа тап болғандарын ашық айтады. Кейін Матеоны Лондондағы арнайы мамандандырылған мектепке ауыстырғаннан кейін оның жағдайы жақсарып, дамуында оң өзгерістер байқалған. Футболшы баласының әрбір кішкентай жетістігі отбасы үшін үлкен қуаныш екенін жеткізген: «Матео біздің өмірімізді өзгертті. Ол бізге әлемге басқа көзқараспен қарауды үйретті».
Отбасы Матеоға арнайы мектептер мен терапия бағдарламаларын іздеп, Мадридті таңдаған болатын. Футболшының өзі атап өткендей, басты басымдық қашан да отбасы болып қала береді. «Ұлымда аутизм бар екенін бәрі біледі. Бұл менің өмірімді өзгерткен жоқ, тек оның қадірін ұғындыра түсті. Ұлыма қолайлы мектеп пен терапия таба алмасам, ешқандай клубқа ауыспас едім», – дейді. Клаудия баладағы алғашқы өзгерістерді 13 айлығында байқады. Ол көзге тіке қарамайтын, есімін айтқанда үн қатып, назар аудармайтын. Дәрігерлер бастапқыда бұған құлақ инфекциясы себеп деп ойлап, ота жасағанымен, нақты диагноз тек 2022 жылы «Челсиге» 60-65 миллион фунтқа ауысқаннан кейін Лондонда қойылды. Лондонға көшу футболшы карьерасындағы ең ауыр сәттерге тап келді. Ол негізгі құрамнан тыс қалып, бабын жоғалтса, үйде баланың жағдайы күрделене түсті. Матео әдеттегі балабақшаға бейімделе алмай, жылап уақыт өткізетін. Аутизм диагнозы қойылған соң Клаудия ұлын базалық дағдыларды үйрететін арнайы мектепке берді. Ата-ананың айтуынша, 2024 жылы шыққан Amazon Prime деректі сериалында олар диагноз белгілі болғанда күн сайын көз жастарына ерік бергендерін айтады. Бұл сынақ олардың отбасын бұрынғыдан да тығыз жақындастыра түсті. Бүгінде отбасыда Матеодан бөлек, тағы 2 бала өсіп келеді. Спорттық карьерасында да Марк аз қиындық көрген жоқ. Ол «Челсиде» біртіндеп негізгі құрамға кіріп, Испания құрамасымен Еуро – 2024 турнирінде және 2026 жылғы әлем кубогында топ жарды.
Бүгінде Кукурелья тек танымал футболшы ғана емес, сонымен бірге кәсіпкер. Ол 2023 жылы негізін қалаған «Campus Marc Cucurella SL» компаниясы арқылы спорттық шаралар ұйымдастырумен және жылжымайтын мүлік сатумен айналысады. Мадридке көшуі оған туған өлкесіне жақын орналасқан бизнес жобаларын тиімді басқаруға да мүмкіндік береді. Өмірдегі де, спорттағы да сынақтарды еңсере білген қорғаушы өзінің ең басты жеңісі – отбасының бақыты екенін жақсы түсінеді.
Әлеуметтік желілерде Кукурелья шашын баласы алаңнан оңай танысын деп ұзын өсіреді деген ақпарат тараған. Бұл да қисынға келеді. Талай сайттар бұл мәліметті растаған. Ал футболшы бұйра әрі ұзын шаш үлгісін анасының кеңесімен бала кезінен сақтап келе жатқанын айтқан. Кукурелья отбасы туралы ашық айту арқылы аутизм спектріндегі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға қолдау көрсетіп, қоғамның түсінігін арттырғысы келетінін айтқан.
Марк нағыз әкенің образы. Ұлы үшін тәуекелге бел буып талай істің нүктесін қойды. Баласына бола атақтан да, өзге клубтардың ұсынысынан да бас тартып, ұлына ыңғайлы, өзіне қолайлы шешімді қабылдады. Әлем кубогында жеңіске жеткеннен кейін отбасымен алаңды айнала жүріп шыққан сәті де көпті елжіреткені анық.
Серік ҚАНТАЙ





