Астана қаласындағы Qazaq Creative алаңында өтіп жатқан «Жетісу – Елорда төрінде» мәдени-креативті жәрмеңкесі аясында Жетісу жерінде түсірілген фильмдер Елорда көрерменіне ұсынылды. Көркем табиғаты мен бай тарихы, өзіндік мәдениеті мен рухани құндылықтары талай шығармашылық туындыға арқау болған Жетісудың кино өнеріндегі тынысы да жыл санап кеңейіп келеді.
Жәрмеңке барысында көрермен назарына өңірдің тыныс-тіршілігін, табиғатын, тарихы мен мәдениетін бейнелейтін бірқатар фильм ұсынылды. Бұл туындылар арқылы елорда тұрғындары мен қонақтары Жетісудың экрандағы келбетімен танысып қана қоймай, өңірде қалыптасып келе жатқан кино өндірісінің өзіндік бағытын да бағамдай алды.
Жетісу киносының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген режиссер әрі продюсер Ерлан Ушақпаевтың шығармашылығы осы бағыттағы жұмыстардың қатарында. Ол Жетісу жұртшылығының көңілінен шыққан «О, Ләйлә», «Welcome to Zhetysu», «Ұстаз», «Оқылмаған хаттар», «Атасының баласы» көркем фильмдерін және «ILIYAS» деректі фильмін түсірген.
Ерлан Ушақпаевтың фильмдерінде Жетісудың табиғаты ғана емес, өңірдің адамдары, олардың арманы мен өмірі, ұлттық құндылықтар мен туған жерге деген сүйіспеншілік кеңінен көрініс табады. Режиссер жергілікті тақырыпты жалпыұлттық мазмұнмен ұштастыра білуімен ерекшеленеді.
Оның «О, Ләйлә» фильмі көрерменнің ерекше ықыласына бөленген туындылардың бірі. Фильмнің YouTube платформасындағы қаралымы 900 мыңға жуықтап, туындының кең аудиторияға жол тартқанын көрсетті. Ал 2019 жылы жарық көрген «I love Taldykorgan» фильмі Жетісу киносының тарихындағы айтулы жобалардың біріне айналды. Талдықорған қаласында өткен фильмнің премьерасы кезінде туынды облыс тарихындағы тұңғыш мюзикл ретінде таныстырылған еді. Фильмде өңірдің көркемтабиғаты, қаланың тыныс-тіршілігі, жастардың өмірі мен Жетісудың туристікәлеуеті көрініс тапқан.
Жетісудың кино өнеріндегі өзіндікқолтаңбасын қалыптастырып жүрген ЕрланУшақпаевтың еңбегі зор. Оның туындыларыарқылы Жетісу табиғаты мен өңірдің тыныс-тіршілігі көрерменге жаңа қырынантанылады.
«Жетісу – Елорда төрінде» мәдени-креативті жәрмеңкесі аясындағы кино көрсетілімдері де осы мақсатқа қызмет етеді. Өңірде дүниеге келген шығармаларды елорда көрерменіне ұсыну – Жетісудың мәдени әлеуетін танытып қана қоймай, жергілікті киноның жаңа көрермен қалыптастыруына жол ашады.
Бүгінде Жетісу – тарихи мұрасы мен табиғи байлығы ғана емес, шығармашылық әлеуеті де жоғары өңір. Ал сол әлеуетті кино арқылы көрсету – туған жердің рухын, болмысын және бүгінгі тынысын келер ұрпаққа жеткізудің тиімді жолдарының бірі.
Жетісудың көркем табиғаты мен сырлытарихы әлі талай фильмге арқау боларыанық. Ең бастысы, сол туындылар туғанөлкенің қадірін арттырып, оның мәденикелбетін Қазақстанға ғана емес, әлемгетанытатын деңгейге жетсе деген тілек бар.
Еңлік КЕНЕБАЙ
Суреттерді түсірген Қанат МАҚАНҰЛЫ





