Табысты арттыру және әлеуметтік теңсіздікті азайту мемлекеттік саясаттың басты басымдығына айналуда, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Елімізде 2026-2029 жылдарға арналған халықтың табысын арттырудың кешенді жоспары әзірленді. Ұлттық экономика министрлігі бұл құжат әртүрлі секторлар арасындағы еңбекақы деңгейінің алшақтығын қысқартуға бағытталғанын мәлімдеді. Бағдарлама аясында ең төменгі және орташа жалақы көрсеткіштерін кезең-кезеңімен арттыру шаралары жүзеге асырылады.
Алдымен табысты өсіру шаралары коммуналдық сектор қызметкерлерін қамтиды. Электр және жылу энергетикасы, сумен жабдықтау, су бұру, сондай-ақ газ инфрақұрылымы ұйымдарының өндірістік персоналының айлығы көтеріледі. Бұл саладағы мамандардың табысын өзге өндірістік бағыттармен теңестіру – негізгі мақсат.
Аграрлық сектордағы жұмысшылардың да жалақысы ұлғаяды. Алайда бұл бюджет есебінен ғана емес, салалық тиімділікті арттыру арқылы орындалады. Ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгізу, өндірісті заманауи үлгіде жаңғырту, кооперацияны дамыту және еңбек өнімділігін арттыру жоспарланған. Өндіріс көлемі мен сапасы артқан сайын жұмысшылардың да табысы өседі.
Ірі өнеркәсіп орындарында еңбекақыны тұрақты индексациялау механизмі енгізіледі. Өңір әкімдері мен ірі кәсіпорын басшылары бірігіп, өндірістік персоналдың жалақысын ұжымдық шарттарда арнайы бекітеді. Жоспар бойынша, жыл сайынғы жалақы өсімі елдегі инфляция деңгейінен 2-3 пайызға жоғары болуы тиіс.
Бұдан бөлек, табысты арттыру бағдарламасы ірі және орта бизнесті, сауда желілерін, сонымен қатар мемлекеттік және азаматтық қызметкерлерді қамтиды.
Атқарылып жатқан бұл жүйелі қадамдар тек айлықты көбейтіп қана қоймай, елдегі білікті мамандардың басқа салаларға кетіп қалуын тоқтатады. Атап айтқанда, коммуналдық және ауыл шаруашылығы салаларындағы кадр тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Халықтың сатып алу қабілеті артып, экономикалық белсенділік пен тұрмыс сапасы жақсара түседі.





