Әр кезеңнің өзіне тән жауапкершілігі болады. Ал елдің болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын сәтте әр азаматтың өз ойы мен ұстанымын ашық білдіруі – қоғамның дамуына қосылған үлес деп білемін. 23 тамыз күні өтетін Құрылтай сайлауы да – елдік мәселелерге бейжай қарамай, азаматтық белсенділігімізді танытатын маңызды кезеңдердің бірі. Меніңше, мұндай таңдаудың мәні тек белгілі бір өкілді анықтаумен шектелмейді. Оның астарында елдің ертеңіне деген көзқарас, қоғамның болашағына деген жауапкершілік жатыр.
Тарих пәнінің мұғалімі ретінде мен кез келген қоғамдық өзгеріске ең алдымен тарих тағылымы тұрғысынан қараймын. Өткенін білген ел ғана бүгінін дұрыс бағалап, болашағын нық қалыптастыра алады. Қазақ тарихында ел тағдыры сынға түскен талай кезең болды. Осындай сәттерде халқымыздың бірлігі, ақылға жүгінуі, ортақ мүддені жоғары қоюы ерекше маңызға ие болған. Бүгінгі ұрпаққа да осындай жауапкершілік қажет! Мен үшін елдің дамуы – ең алдымен білімді, еңбекқор, отаншыл және жауапты азаматтар қалыптастырумен байланысты. Ұстаз ретінде мен күн сайын жас ұрпақпен жұмыс істей отырып, олардың бойында елге деген сүйіспеншілікпен қатар, өз пікірін еркін айту, мәселені саралау, дұрыс шешім қабылдау мәдениетін қалыптастыруға тырысамын. Сондықтан Құрылтай сияқты қоғамдық маңызы бар институттардың жұмысына да үлкен жауапкершілікпен қарау керек деп есептеймін. Елдің мұң-мұқтажын халыққа жақын білетін, қоғамның түрлі пікірін тыңдай алатын, өз ұстанымын ашық әрі нақты жеткізетін азаматтардың болуы маңызды. Менің ойымша, жақсы таңдау – құр сөзге емес, нақты іске, жеке мүддеге емес, ортақ игілікке негізделуі тиіс. Халықтың сенімін ақтау үшін кез келген өкіл ең алдымен ел алдындағы жауапкершілікті сезінуі қажет. Қоғамның дамуы бір адамның немесе бір топтың әрекетімен ғана жүзеге аспайды. Ол – әрқайсымыздың ортақ үлесімізден құралады. Сондықтан сайлау кезінде өз таңдауымызға немқұрайлы қарамай, ақпаратты саралап, кандидаттардың ұстанымы мен нақты ісіне назар аударғанымыз жөн.
Ұстаз ретінде мен үшін ең маңызды құндылықтар – ел бірлігі, білім, әділдік, жауапкершілік және болашақ ұрпақтың жарқын келешегі. Қандай қоғамдық шешім қабылданса да, осы құндылықтар назардан тыс қалмауы керек деп ойлаймын.Бүгін біз жасаған таңдау – ертеңгі ұрпаққа қалдыратын қоғамдық мұрамыздың бір бөлігі.
Ел тағдырына бейжай қарамайық. Өз таңдауымызға жауапкершілікпен қарайық. Болашақ – бүгінгі саналы шешімдерден басталады.
Асель Абдрахманова
«Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейі»
тарих пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі





