Бокс елімізде дамыған спорттың бірі. Бұл күні мұнымен шұғылданатын жастардың қатары көп. Көптеген жерлесіміз осы спорт түрінен әлдемдік ареналарда топ жарып, Көк байрақты көкке көтеріп, Әнұранымызды сан мәрте әуелеткен еді. Күллі дүние біздің боксқа қызығушылықпен қарайды десем қателеспеймін.
Аты-жөнім Сайид Геллерт. Жасым 14-те. Сарқан ауданындағы «К. Ушинский атындағы орта мектепке дейінгі шағын орталығы» КММ-нің 8 «Б» сынып оқушысымын. Менің бокспен айналысып жүргеніме 7 жыл болды. Осы уақытқа дейін көптеген жарысқа қатысып, талай мәрте жеңіс тұғырына көтерілдім. Спорт шеберіне үміткер деген атағым бар. Бұл мен үшін үлкен жеңіс екені шындық.
Бокс нағыз ер-азаматтар шұғылданатын спорт түрі. Мұнда бірінші кезекте адам өз-өзін төзімділікке баулиды. Сабырды жанына серік етуі керек. Бойдағы қорқынышпен күресу де маңызды. Шаршы алаңға шығарда іштей жігеріңді жанып алмасаң қарсылас алдында өзіңді еркін ұстау қиындау болмақ.
Біз қазақтан шыққан Болат Жұмаділов, Олимпиада чемпиондары – Бекзат Саттарханов, Ермахан Ибрайымов, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев сынды ағаларымыздың ерліктерін ұмытпауымыз қажет. Олардың жеткен жетістіктері бізге үлгі болып қала бермек.
Бокс ертеректегі грек елi Элладамен тығыз байланысты. Аңыздарға сенсек, ол кезеңдегi ең танымал «қолғап иесi» Тесей болған көрiнедi. Қазақстанда бокстың алғашқы мектебін XX ғасырдың 30-шы жылдары Алматыда Шоқыр Бөлтекұлы ашқанын білемін.
Айтар болсам, менің де арманым асқақ. Әуелі ел мойындаған былғары қолғап шебері атану. Содан барып Олимпиада шыңын бағындырсам деген тілегім бар.





