Ескелді ауданына қарасты Жалғызағаш ауылындағы №109 сайлау учаскесінде Құрылтай депутаттарын сайлауға «Мерейлі отбасы – 2025» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанған Бектеновтер отбасы қатысты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Берекелі де ұйымшыл отбасы сайлау учаскесіне толық құрамда келді. Отбасының онға жуық мүшесі өз таңдауын жасап, әр азаматтың елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуының маңыздылығын көрсетті.
Бектеновтер отбасы үшін сайлауға қатысу – отбасылық дәстүр әрі азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.
– Біз еліміздің өмірінен шет қалмауды маңызды деп санаймыз. Құрылтай қоғамдық өмірде маңызды рөл атқарады. Себебі азаматтар өз өкілдері арқылы өздерінің бастамалары мен ұсыныстарын, көкейлерінде жүрген мәселелерін жеткізе алады. Сондықтан сайлауға барып, саналы таңдау жасау маңызды деп есептейміз. Балаларымыз бен жастар елдің болашағы әр адамның жеке ұстанымына да байланысты екенін түсінсе дейміз. Осындай маңызды қоғамдық үдерістерге қатысу – ең алдымен отбасың, қоғам және елдің болашағы алдындағы жауапкершілік, – деді отбасы ошағының сақтаушысы Динара Бектенова.
Туған ауылында Бектеновтер отбасын жақсы біледі әрі құрметтейді. Олар қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып, ауылдастарының бастамаларын қолдайды және өскелең ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Отбасының сайлауға бірге қатысуы осы дәстүрдің жалғасы болды.
Отбасының басты жетістіктерінің бірі – ұлы Хамза Бектеновтің жетістіктері. Жас шабандоз алғаш рет атқа үш жасында мінген, ал бес жасында алғашқы бәйгесіне қатысқан. Он жасқа дейін республикалық және халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанып, жүлде ретінде 13 автокөлік пен пәтерге ие болды. Хамза сондай-ақ «Алтын Тұғыр» сыйлығының лауреаты және «Жетісу батыры» төсбелгісінің иегері.
– Біз балаларымызды кішкентайынан жауапкершіліктің, еліне және туған жеріне деген құрметтің мәнін түсінетіндей етіп тәрбиелеуге тырысамыз. Олардың спортта және оқуда жетістікке жетуімен қатар, белсенді азамат болғанын қалаймыз. Сондықтан бүгін сайлауға бүкіл отбасымызбен келдік. Балаларымызға ел тағдыры әрқайсымыздың қатысуымыздан қалыптасатынын өз үлгімізбен көрсеткіміз келеді, – деп атап өтті Динара Бектенова.




