Сарыөзек ауылындағы №186 сайлау учаскесінде «Шежіре, өнер – тәлім отары» ансамблінің өкілдері ұлттық киіммен Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауларын жасады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Өнер ұжымының ұлттық нақыштағы киіммен бірге дауыс беруі – халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдени құндылықтарын дәріптей отырып, азаматтық белсенділікті танытудың жарқын үлгісі. Ансамбль мүшелері ел өміріндегі маңызды саяси науқанға ұйымшылдықпен қатысты.
Бұл көрініске Сарыөзек ауылының тұрғыны Ақерке Шағырбаева да ерекше таңданысын білдірді.
– Замандастарымның ұлттық киіммен осылай ұйымшылдықпен дауыс беруге келгенін көріп, қуанып қалдым. Бұл – ұлттық құндылықтарымызды құрметтеудің, ел өміріне бейжай қарамайтынымызды көрсетудің әдемі үлгісі. Жастарымыз бен кейінгі буын осындай өнегелі бастамалардан үлгі алса екен, – деді Ақерке Шағырбаева.
Ұлттық өнерді ұлықтаған өнерпаздардың бұл бастамасы – елдік құндылықтарды дәріптеу мен азаматтық жауапкершіліктің өзара сабақтастығын айқындайтын тағылымды көрініс.





