Еліміз үшін айрықша мәні бар маңызды саяси науқан өтіп жатқан күні Жансүгіров ауылындағы №3 сайлау учаскесінде қазақы дәстүр жаңғырды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ата-ана бұл маңызды күнді отбасы үшін есте қаларлық оқиғаға айналдырып, баласының тұсауын көпшілік көзінше кесті.
– Бүгін еліміз үшін тарихи күн. Тұңғыш рет Құрылтай депутаттары сайланып жатыр. Осы маңызды сәтте баламыздың тұсауын кесуді әдейі қаладық. Балапанымыздың алғашқы қадамы елдің жаңа даму кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр, сондықтан өмір жолы әрдайым ашық, қадамы нық болсын деген ниетіміз бар. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді баланың әкесі Ақжол Дәрібекұлы.
Қазақ халқының тұсаукесер ғұрпы – сәбидің болашақ қадамына ақ жол тілейтін тәрбиелік мәні терең дәстүр. Бүгінгі рәсім ұлттық құндылық пен мемлекеттік маңызы бар науқанды өзара сабақтастырған ерекше көрініске айналды. Мұндай бастамалар қоғамдағы өзара сыйластықты арттырып, дәстүрге деген құрметті нығайта түседі.





