Еліміздің транзиттік-көліктік әлеуеті қарқынды дамып, халықаралық жүк тасымалы бойынша маңызды көрсеткіштер тіркелді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Үкімет отырысында Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров тоғыз айдағы саладағы даму қорытындылары бойынша баяндама жасады. Қаңтар-қыркүйек айларының нәтижесі бойынша Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік жүк көлемі 13,1%-ға өсті. Қозғалыстың жандануы теміржол және автомобиль тасымалында да байқалады. Теміржол арқылы 241,7 млн тонна жүк тасымалданып, көрсеткіш 3%-ға артты. Автомобиль көлігімен тасымалданған жүк көлемі 270,4 млн тоннаға жетіп, 5,6%-дық өсім көрсетті. Әуе компаниялары 12,4 млн жолаушыға қызмет көрсетіп, көрсеткішті 4,2%-ға көтерді.
Инфрақұрылымдық жобалар да қарқынды жүргізілуде. Республикамзда 101 теміржол вокзалы жаңартылып, 20 жаңа халықаралық әуе бағыты ашылды. Балқаш, Арқалық, Павлодар және Ақтау қалаларындағы әуежайлар заманауи талаптарға сай жаңғыртылды.
Вице-министр Мақсат Қалиақпаров жол құрылысы мен бақылау жүйесі туралы атап өтті: «Автомобиль жолдары саласында Ақтөбе – Қызылорда, Бейнеу – Сексеуіл, Сарыағаш айналма жолы, Орталық – Батыс және Қарағанды – Жезқазған бағыттарындағы жаңа жобалар бойынша жұмыстар басталды». Жол-құрылыс материалдарының электронды базасы жасалып, сапаны қадағалайтын «Е-Жолы» ақпараттық жүйесі іске қосылды.
Логистика мен инфрақұрылымның дамуы Жетісу өңірі сияқты транзиттік торапта орналасқан аймақтар үшін стратегиялық маңызға ие. Халықаралық көлік коридорларының өткізу қабілетінің артуы жергілікті кәсіпкерлікке, сауда қатынастарына және өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға тікелей ықпал етеді. Заманауи жолдар мен сандық бақылау жүйелері жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Үкімет жиынында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес автожолдар сапасын қамтамасыз ету маңыздылығын баса айтты. Осыған орай Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа барлық мәселелерді толық талдап, нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.





