Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Осыған орай полиция қызметкерлері балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мектеп айналасында жайлы орта қалыптастыру жұмыстарын барынша күшейтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Еліміздің барлық өңірінде дәстүрлі «Назар аударыңыз, балалар!» республикалық акциясы бастау алды. Шараның басты мақсаты – жас өркенді жол-көлік оқиғаларынан қорғау, көшедегі қауіп-қатердің алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыру. Оқу жылы жақындаған сайын білім беру ұйымдарының маңында патрульдік бақылау еселеп артады.
Ішкі істер министрлігі барша жүргізушілерге үндеу жасап, жылдамдық режимін қатаң сақтауды, жаяу жүргіншілер өткелінің жанында барынша мұқият болуды сұрайды. Себебі жазғы демалыстан кейін мектеп оқушыларының жолға күтпеген жерден шығып кету қаупі жоғары. Әсіресе бастауыш сынып балаларының қозғалыс белсенділігі артатын кезеңде әрбір жүргізуші аса сақтық танытқаны абзал.
Қазіргі таңда арнайы мамандар мектеп маңындағы жаяу жүргіншілер өткелдерін, жол белгілерінің көріну деңгейін және сызылған таңбалардың сапасын толық тексеруден өткізуде. Мұнымен қоса, балаларды тасымалдайтын мектеп автобустарының техникалық жағдайы да жіті бақылауға алынды. Кешенді тексерулердің қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған 548 нұсқама берілді. Оның ішінде жарықтандыруды жақсарту, қосымша ескерту белгілерін орнату сияқты маңызды шаралар бар.
Ата-аналардың да бұл мәселедегі рөлі өте үлкен. Тәртіп сақшылары ата-аналарға балаларға жолда жүру ережелерін күн сайын қайталап, мектепке дейінгі ең қауіпсіз бағдарды бірге сызып шығуды ұсынады. Балаға тек көшеде ғана емес, қоғамдық көлікте, мектеп ішінде және цифрлық кеңістікте, яғни интернетте қауіпсіздік талаптарын сақтауды үйрету заман талабы.
Жас ұрпақтың амандығы – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Жүргізушілердің қырағылығы, ата-ананың ұқыптылығы және полицияның жүйелі бақылауы біріккенде гана балаларымызға қауіпсіз болашақ сыйлай аламыз.





