Су ресурстары және ирригация министрлігі ауыл шаруашылығы мен халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ететін негізгі мекемені реформалаудың алғашқы нәтижелерін жариялады. «Қазсушар» кәсіпорны тарихта алғаш рет шығындарды толық жойып, өткен жылды таза пайдамен аяқтады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Соңғы жылдары елімізде суды тиімді пайдалану, инфрақұрылымды жаңарту және сала қызметін ашық ету мәселелері жиі көтеріліп келеді. Осы орайда Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау мақсатында кешенді өзгерістер қолға алынды. Жүргізілген реформалар тек қаржылық көрсеткіштерді жақсартып қана қоймай, тұтынушылар үшін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруді көздейді.
Басқару жүйесі қалай өзгерді?
Реформаның алғашқы қадамы ретінде «Нұра топтық су құбыры» РМК «Қазсушар» кураторлығына қосылды. Осылайша, бір-бірін қайталайтын құрылымдар қысқартылып, ресурстарды басқару орталықтандырылды. Кәсіпорынның бейінді емес активтері мен халықты ауызсумен қамтитын негізгі желілерін коммуналдық меншікке беру арқылы артық шығындар қысқарды.
Сонымен қатар, ашықтықты камтамасыз ету мақсатында қолма-қол ақша айналымынан бас тартылды. Енді суару суының төлемі цифрлық жүйелер арқылы жүзеге асырылады. 2026 жылы су тұтынушылармен жасалатын барлық келісімшарт жаңа биллинг жүйесі арқылы электронды форматқа көшіріледі. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетіп, әрбір текше метр судың есебін нақты жүргізуге мүмкіндік береді.
Қабылданған шаралардың арқасында мекеменің дебиторлық берешегі 90%-ға азайып, бұған дейінгі жинақталған қарыздар жабылды.
Сондай-ақ, жаңарту жұмыстары қалай жүруде?
Техникалық базаны күшейту – су инфрақұрылымын апатсыз ұстап тұрудың кепілі. Ұзақ жылдар бойы ескірген техникалар су тасқыны немесе құрғақшылық кезінде қиындық тудыратын. Былтырдың қорытындысы бойынша «Қазсушар» арнайы техника паркінің 27%-ын жаңартып үлгерді.
Жүргізілген қайта құру жұмыстары туралы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов өз пікірін білдірді:
««Қазсушар» РМК-ны реформалау бизнес-процестерді қайта құру мен автоматтандыруды, филиалдардың қызметін жоспарлау және тиімділігін бағалау жүйесін қалыптастыруды, кіріс пен шығысты басқаруды орталықтандыруды, жобалық басқару қағидаттарын енгізуді және жарғылық қызмет түрлерін кеңейтуді қамтиды. Сонымен қатар кәсіпорынның техникалық паркі жаңартылып жатыр».
Тұтынушыларға қандай пайда бар?
Су шаруашылығын реформалау – тек мемлекеттік мекеменің ішкі шаруасы емес. Бұл өзгерістердің тікелей әсері ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге, шаруа қожалықтарына және әрбір тұрғынға тиеді:
-
Қызмет ашықтығы: Сандық биллинг арқылы әрбір шаруа су көлемі мен оның құнын үйден шықпай-ақ бақылай алады.
-
Судың шығынсыз жетуі: Жаңаланған техникалар мен арналар судың жолда буланып немесе жерге сіңіп ысырап болуын азайтады.
-
Тұрақты инфрақұрылым: Пайдаға шыққан кәсіпорын тапқан қаржыны жаңа жобаларға, тозығы жеткен тоғандар мен тоғандарды жөндеуге жұмсайды.





