Қазақстанда 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін азаматтардың белгілі бір санаттары 250.00 және 270.00 нысандары бойынша салық декларациясын тапсыруы тиіс, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Елімізде жалпыға бірдей декларациялау жүйесінің тәсілдері қайта қаралып, процестер айтарлықтай жеңілдетілді. Енді азаматтардың басым бөлігіне бұл есепті жыл сайын тапсырудың қажеті жоқ. Дегенмен, заңнамада бекітілген нақты негіздер туындаған кезде салық органдарына есеп беру міндеті сақталады. Аудиторияның цифрлық сауаттылығын арттыру және құқықтық жауапкершілікті түсіндіру мақсатында бұл ережелердің мән-жайын саралап шықтық.
250.00 нысаны бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны шетелде жылжымайтын мүлкі, автокөлігі, бағалы қағаздары мен цифрлық активтері бар азаматтар тапсырады. Сондай-ақ бұл есеп шетелдік банктердегі шоттарында 1000 АЕК-тен асатын ақшасы бар тұлғаларға, жеке практикамен айналысатындарға және мемлекеттік қызметке үміткерлерге қатысты. Ал 270.00 нысанындағы кірістер мен мүлік туралы декларацияны мемлекеттік қызметшілер, заңды тұлғалардың құрылтайшылары мен басшылары, кәсіпкерлер және жыл ішінде 20 мың АЕК-тен (78,64 млн теңгеден) астам сомаға қымбат мүлік сатып алған тұлғалар тапсыруы шарт.
Бұл ретте салық жүйесінің негізгі мақсаты – азаматтарды жазалау емес, қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету. Декларацияны толтыру кезінде техникалық қате кептсе немесе қандай да бір мәлімет ұмыт қалса, оны қосымша декларация тапсыру арқылы өз бетінше түзетуге толық мүмкіндік бар. Ал есепті алғаш рет уақытылы тапсырмағандарға ескерту жасалады. Бір жыл ішінде заңбұзушылық қайталанған жағдайда 15 АЕК, яғни 64 875 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.
Аталмыш өзгерістер елдегі көлеңкелі экономиканы азайтып, адал салық төлеушілердің құқығын қорғауға бағытталған оң қадам саналады. Декларацияны уақыт созбай, E-Salyq Azamat, eGov Mobile мобильді қосымшалары немесе банктердің сервистері арқылы электронды түрде үйден шықпай-ақ тапсыруға болады.





