Жаңа оқу жылы – әр бала үшін ерекше қуаныш пен жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Осы орайда елімізде дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушыларға көмек көрсетіп, олардың оқу жылын жақсы көңіл- күймен бастауына мүмкіндік беріп келеді.
Жаркент қаласындағы Еңбекші орта мектебінде де аталған акция аясында әлеуметтік жағдайы зерделеніп, қолдауды қажет ететін отбасыларға тиісті көмек көрсету жұмыстары жүргізілді. Мектеп ұжымы мен қайырымды жандар көмекке мұқтаж оқушылардың жаңа оқу жылына дайындалуына жағдай жасады.
Акция барысында 3 оқушыға мектепке қажетті оқу құралдары, керек-жарақтар мен басқа да қажетті заттар табысталды. Балалардың жүзіндегі қуаныш – көрсетілген көмектің ең үлкен нәтижесі.
Қайырымдылық акциясының мәні тек материалдық көмек көрсетуде емес. Оның негізгі құндылығы қоғам мүшелерін бір-біріне жанашыр болуға, мұқтаж жанға қолдау көрсетуге, бала болашағына бейжай қарамауға үндейтіндігінде.
Білім алуға қажетті жағдай жасау – әр баланың жарқын болашағына жол ашу. Сондықтан осындай игі бастамалардың жүзеге асуына үлес қосып жүрген жомарт жандарға, жанашыр азаматтар көп болсын.
Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Бір балаға көрсетілген қолдау – оның жүрегіне үміт ұялатып, болашағына сенім сыйлайды.
Айкерім СЕЙЛХАНҚЫЗЫ,
Ш. Уәлиханов атындағы орта
мектептің әлеуметтік педагогы
Жаркент қаласы




