Жаркенттік Арзигүл Абдуллаева нан пісіруді кәсіп қана емес, өнерге айналдырып, өзінің ерекше туындыларымен көпшілікті тәнті етіп жүр.
Кәсіпкердің қолынан шыққан «Нан пирамидасы», «Нан себеті» секілді авторлық композициялар түрлі салтанатты шаралардың сәнін келтіріп, сұранысты арттыруда. Бүгінде тәжірибелі шебер республикалық «Бір ауыл – бір өнім» байқауының екінші кезеңіне жолдама алып отыр. Бұл – Арзигүл Абдуллаеваның көп жылғы еңбегі мен шығармашылық ізденісінің жемісі.
Ол нан пісірудің қыр-сырын Алматыда аспаз болып еңбек ететін әпкесі Нұрбувиден үйренген. Жылдар өте келе көрген жанның көз жауын алатын нанның небір түрін әзірлейтін болды. 2018 жылы Панфилов ауданын таныстырып, республикалық саңза фестивалінде гран-при жүлдесін жеңіп алды. Ал халықаралық көрмелерде де өз өнерін паш етіп, Ташкент пен Антальяда қамырдан жасалған өнім түрлерін ұсынды.
Байқауға қатысу барысында шебер жергілікті өнімдерді де барынша пайдалануға мән береді. Атап айтқанда, қамырына ұн мен жергілікті күнбағыс майын қолданады. Бұл оның шығармашылығында туған өлкенің өнімдерін насихаттауға да ерекше көңіл бөлетінін көрсетеді. Арзигүлдің нан өнімдеріне Алматы, Астана, Көкшетау қалаларынан ғана емес, шетелден де тапсырыс түседі. Шебердің ерекшелігінің бірі – жары екеуі үй іргесіндегі жерде өсетін, сирек кездесетін қара зере өнімдерін де пайдаланады. Нан пісіру өнері Арзигүл үшін отбасылық дәстүрдің жалғасына да айналған.
– Бала кезімнен анамның қамыр илеп, тандырға нан пісіргенін көріп өстім. Марқұм анам Гүлистан әр қонақты ерекше құрметпен қарсы алып, ыстық шайын ұсынып, ықыласқа бөленуші еді. Мен үнемі анама көмектесетінмін. Анам маған тігін тігу ісін де үйретіп, қолөнерге баулыды. Сөйтіп, тігуді үйреніп, Шонжы ауылында оқу курсын бітірдім. Бірақ, мен тағам әзірлеп, нан пісіруді ерекше жақсы көрдім, – деп өткен күндерін есіне алды Арзигул.
Бүгінде ол өзінің білгенін қызы мен келініне де үйретіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын шеберлік мектебін қалыптастырып келеді. Қарапайым қамырдан өнер туындысын жасап, ұлттық тағамды жаңа қырынан танытып жүрген жаркенттік шебердің жетістігі – еңбектің, ізденістің және туған жерге деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі. Енді Арзигүл Абдуллаева республикалық байқаудың келесі кезеңінде өз өнерін тағы бір мәрте көрсетіп, Жетісудың қолөнер мен ұлттық тағам мәдениетін кеңінен танытпақ.
Айгүл БАЙБОСЫН




