Тіл – ұлттың жаны, елдің шежіресі, ұрпақты ұйыстырар алтын арқау. Халықтың мінезі мен танымы, салты мен ғұрпы, көргені мен көкейге түйгені сөз арқылы сақталады.
Тіліміздің байлығы оның сөздік қорымен ғана өлшенбейді. Әр сөздің өз орны, өз жөн-жосығы бар. «Айтылған сөз – атылған оқ» деп білген халқымыз ауыздан шыққан сөзге жауапкершілікпен қараған. Уәдеге берік болған. Сондықтан ана тілінде сөйлеу аздық етеді, оны қадіріне жеткізіп, жөнін тауып қолдану да керек.
Қазір қазақша сөйлейтіндердің қарасы көбейгенімен, оның нәрі мен нақышын сақтау мәселесі өзекті. Күнделікті әңгімеде бөгде сөздерді орынсыз қосып, сөйлемнің шырайын кетіретін әдет бар. Мұндайда тілімізді кемітпей, өз сөзіміздің мәйегіне жүгінген жөн. Өйткені халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан сөз саптауында кез келген ойды жеткізер қазына жетерлік.
Ана тілінің алғашқы мектебі – отбасы. Әкенің өнегелі сөзі, ананың әлдиі, әженің ғибратты әңгімесі баланың құлағына сіңсе, тіл де көкірегіне қонады. Мектеп сол негізді бекемдеп, жас өреннің сауатын ашып, сөз өнеріне баулиды. Сондықтан бүлдіршіндерді қазақ тілінде таза сөйлету үшін білім ордасындағы біліміне баса назар аудару керек. Осыған орай жастарымыздың бойындағы тіл мәдениетін көтеру, ұрпақты тіл тазалығына баулу, көнеден келе жатқан мұрамызды қастерлеу мақсатында мектебімізде Абай, Мағжан, Ілияс оқулары өткізіліп келеді. Сонымен қатар Тіл мерекесі қарсаңында да түрлі шаралар ұйымдастырылуда.
Қазақ тілінің өрісі ауыл-аймақпен шектелмей, ғылымда, білімде, кәсіпте, ақпарат кеңістігінде кеңеюі қажет. Жас буын қазақ тілін тек өткеннің мұрасы деп емес, бүгінгі заманның қажетіне жарар қуатты құрал деп қабылдауы керек. Ана тіліне жанашырлық – күнделікті дағдымен басталады.
Бабадан қалған сөзді жоғалтпай, кейінгіге аман жеткізу – бүгінгі буынның мойнындағы аманат. Тілге ие болу – елге ие болу. Сөзін сақтаған жұрт – өзін сақтайды.
Дидар ТОҚТАРБАЙҰЛЫ,
№15 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні
мұғалімі
Талдықорған қаласы





