Қапал өңіріне жолы түскен адамның көзіне бірден шалынатын табиғаттың көрікті мекендерінің бірі – Ешкіөлмес тауы. Тау алыстан асқақ көрінеді. Жақындаған сайын оның әр қырқасы, әр сайы мен жылғасы өзінше сыр шертеді. Ешкіөлмес – табиғатының әсемдігімен ғана емес, ел жадында сақталған аңыз-әңгімелерімен де қымбат. Бұл таудың атауының өзі бір қызық хикаяға байланысты айтылады.
Бір жылы суық ерте түсіп, қалың қар жауыпты. Мал жайылымға шыға алмай, қыс ортасында ауылдың жемшөбі таусылып, төрт түлікке қауіп төнген екен. Сонда ауыл халқы тастан тасқа секіріп, адам аяғы жетпейтін жердің шөбін тауып жейтін ешкілерді таудың күнгей бетіне айдап жіберіпті. «Өлсе өлер, өлмесе көктемде жер кеңігенде тауып алармыз», – депті ел.
Көктем келіп, қар еріп, жер бусанғанда әлгі ешкілер таудан қайта түсіпті. Жанына төлдерін ертіп, кейбірі егізден лақтап, көбейіп оралған екен. Ел-жұрт бұған таңғалып, «Ешкі өлмейтін тау екен» депті. Сөйтіп, тау Ешкіөлмес аталып кеткен деседі.
Атаудың өзі таудың табиғи ерекшелігін аңғартатындай. Күнгей беті ықтасын, қысы жұмсағырақ болса керек. Малға пана болған тау адамға да ежелден құтты мекен. Ешкіөлместің көркі де бөлек. Көктем шыға таудың етегін көк майса басып, сан алуан гүл бой көтереді. Көп жерде кездесе бермейтін шұғынық гүлі бөктерді алып кетеді. Тобылғының иісі мұрынды жарады. Жылғаларға еріген қардың суы жиналып, тау тынысы жандана түседі. Жазда қоңыр салқын самалы жанға жайлы. Сан түрлі шөптің жұпары аңқып, кең далаға тау ауасының тазалығы тарайды. Күз келгенде Ешкіөлместің өңі өзгереді. Қоңыр күздің бояуы тау жоталарына ерекше рең береді. Ал қыс түссе ақ қар жамылған тау тым-тырыс қалып, табиғаттың тылсым тыныштығына бөленеді.
Бір таудың төрт мезгілде төрт түрлі мінез танытуы – оның табиғаттағы тағы бір ерекшелігі. Бірақ Ешкіөлместің ең үлкен байлығы – оның елге пана болғандығы. Бұл тау талай ұрпақтың қуанышы мен сағынышына куә. Оның баурайында талай шаңырақтың түтіні түтеді. Әке-шешеміз осы тауда төрт түлігін өсірді. «Көшкентал» ұжымшарының 40 мың қой-ешкісі жайылып, шопандар таң атырып, мал өргізді. Біз сол бөктерде асыр салып ойнаушы едік. Тау мен адам тағдыры осылайша астасты. Ешкіөлмес – елдің рухани жадындағы қасиетті мекен. Туған жердің табиғатын жүрекпен сезінген жан оның сұлулығын әнге қоспай тұра алмайды. Ешкіөлмес туралы сондай бір әдемі ән бар. Оның авторы туған бауырым – Әбдуахит Тұрсынов. Әннің қайырмасы: «Шіркін-ай, қандай ғажап сүйкімді едің, Кеудемде самал соққан секілдендім»,– деп келеді. Әбдуахит бұл дүниеден ерте өтті. Бірақ оның Ешкіөлмеске деген ықыласы ән болып қалды. Тау туралы жазылған әннің әсем әуені туған жердің самалындай. Ешкіөлмес туралы сөз болғанда оның табиғаты мен тарихын ғана емес, осы тауға арналған әнді де еске аламын.
Ешкіөлмес – ата-анамның табанының ізі қалған, Әбдуахиттің ән шырқаған мекені. Таудың шыңы ғана емес, жүрегімдегі орны да биік.
Гүлжан ТҰРСЫН





