Жетісу облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында «Жол жұмыстарын қабылдау және сапасын бақылау» тақырыбында арнайы оқыту тренингі өткізілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің бастамасымен ұйымдастырылған оқу дәрісі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру шаралары аясында өтті. Басқосуда автомобиль жолдарын салу, қайта жаңарту, жөндеу кезінде құрылыс нормалары, техникалық регламенттер мен жобалық-сметалық құжаттама талаптарының сақталуы талқыланды.
Орындалған жұмыстардың көлемін тексеру, пайдаланылатын жол-құрылыс материалдарының сәйкестігін зерделеу, нәтижелерді ресми рәсімдеу тәртібіне ерекше назар аударылды. Мамандар жұмыс барысында анықталған кемшіліктерді жою жолдарын және міндеттемелерді тиісінше орындамаған тараптардың жауапкершілігін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Жол инфрақұрылымын жаңарту мен сапаны қамтамасыз ету – аймақ экономикасын дамытудың негізгі тиімді шешімі. Құрылыстың барлық кезеңінде ашықтықты сақтау мемлекеттік бюджеттен бөлінетін 15-20 млн немесе 2-3 млрд теңгеге дейінгі қаржының мақсатты жұмсалуына кепілдік береді.
Осындай жиындар мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттырып, мемлекеттік органдар қызметінде ашықтық, есептілік және адалдық қағидаттарын нығайтады. Кешенді бақылау жүйесін енгізу өңірдегі жол-көлік оқиғаларын азайтып, тұрғындардың қауіпсіз қатынауына мүмкіндік береді. Сапалы инфрақұрылым құру – аймақтың өркендеуіне қосылған зор үлес.





