Кітап туралы сөз болғанда «қазіргі жастар кітап оқымайды» деген пікір жиі айтылады. Алайда мәселені осылай біржақты түсіндіру жеткіліксіз. Бүгінгі қоғамда кітаптың аздығынан гөрі кітап пен оқырман арасындағы байланыстың әлсіреуі маңызды мәселе болып отыр.
Адамды кітапқа жақындату үшін оған кітап ұсыну аздық етеді. Оқуға қызығушылықты оятатын орта, пікір алмасатын алаң, оқығанын талқылайтын мүмкіндік және өз ойын жеткізуге жағдай қажет. Жетісу өңірінде соңғы жылдары қолға алынған бірқатар бастама осы қажеттіліктің әр қырын қамтып келеді.
Осыдан он шақты жыл бұрын, Талдықорған Алматы облысының орталығы болып тұрған кезде, өңірдің Тілдерді дамыту басқармасы «Жеті-су – кітапқұмарлар өлкесі» жобасын қолға алды. 2017 жылы Жастар саябағына, Қаратал жағалауына және Арбатқа кітап сөрелері қойылып, тұрғындарға кітапты еркін алып оқуға әрі өз кітаптарын өзгелермен алмастыруға мүмкіндік берілді. Бұл – әлемде кең тараған буккроссинг мәдениетінің жергілікті ортаға бейімделген үлгісі еді. Оның қарапайым қағидасы бар: оқып болған кітабыңды өзіңде сақтап қоймай, келесі оқырманға ұсыну. Жоба басталғаннан кейін екі ай ішінде жылжымалы кітапхана қорына 700-ден астам кітап жиналды. Тұрғындар жүзге жуық кітап алмастырса, Қаратал жағалауындағы сөреге халықтың өзі 200-ге жуық кітап әкелген. Жоба қорытындысы бойынша оған 792 адам қатысып, 420 адам саябақтарда кітап оқыған.
Бұл деректердің мәні тек статистикада емес. Жоба кітапты кітапхананың қабырғасынан шығарып, күнделікті қоғамдық кеңістікке алып келді. Адам саябаққа серуендеуге шыққанда кітапты көріп қана қоймай, оны алып оқып, жаңа шығармамен танысуға мүмкіндік алды. Осылайша кітап оқу жеке адамның ғана әрекеті емес, ортақ мәдени тәжірибеге айнала бастады. Жетісу өңірінде бүгінде кітапхана желісі де кең. Өңірде 150-ге жуық кітапхана жұмыс істейді, кітап қоры 2,8 миллионнан асады. Бұл кітапқа қолжетімділіктің белгілі бір деңгейде қамтамасыз етілгенін көрсетеді. Бірақ кітаптың көп болуы бірден көп оқырман қалыптастырмайды. Оқырман – кітапты қолына алған адам ғана емес. Ол – оқығанын түсінетін, салыстыратын, сұрақ қоятын, өз көзқарасын қалыптастыра алатын тұлға.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетіне айрықша мән беруі де осы қажеттіліктен туындайды. Президент кітапты білім мен рухани дамудың маңызды қайнар көзі ретінде бағалап, оқу мәдениетін қоғамның тұрақты құндылығына айналдыру керектігін айтып келеді.
2026 жылы Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қоюы да осы мәселенің мемлекеттік деңгейдегі маңызын айқындай түсті. Демек, бүгінгі кітап оқу туралы әңгіме «кітап оқыңыз» деген үндеумен шектелмеуі керек. Ең маңыздысы – оқитын адамды қалыптастыратын ортаны дамыту.
Жетісуда осы міндеттің жаңа қырын көрсеткен жобалардың бірі – «Мизам» жылжымалы әдебиет мектебі. 2025 жылы басталған бұл жоба Қазақстандағы алғашқы жылжымалы авторлық әдеби мектеп ретінде ұйымдастырылды. Жобаның басты ерекшелігі – әдебиетті баланың алдына апару. Яғни ауылдағы немесе аудан орталығындағы оқушы әдеби ортаға өзі іздеп келмейді, керісінше, әдеби мектеп оның ауылына, ауданына барады.
Жоба сегіз аудан мен екі қаланы қамтыды. Алғашқы 3 ай ішінде 200-ден астам оқушы әдеби сабақтарға қатысып, 80-ге жуық қаламгердің шығармаларымен танысты. Маусым соңында 100 оқушы қорытынды кезеңге жолдама алды.
«Мизамның» ерекшелігі – оның тек кітап оқуға үндемеуінде. Жоба аясында оқушылар өлең, әңгіме, мақала, эссе жазуға, әдеби шығарманы талдауға, өз ойын жүйелі жеткізуге үйренді. Қаламгерлермен жүздесіп, шығармашылық шеберлік сабақтарына қатысты. Яғни мұнда балаға «мына кітапты оқы» деген тапсырма беріліп қана қоймайды. Оған: «Оқыдың. Не түсіндің? Не ойладың? Өз ойыңды қалай жеткізер едің?» деген келесі сұрақтар қойылады. Міне, оқырман тәрбиесінің маңызды ерекшелігі осында.
Кітап оқу – алғашқы қадам. Ал оқығаныңды пайымдау – келесі кезең. Өз ойыңды сөзбен жеткізу – одан да маңызды саты. Осы үдерістер тоғысқанда ғана кітап адамның интеллектуалдық және рухани дамуына ықпал етеді.
«Мизам» жобасының нәтижесі бойынша ерекше назар аударатын бір дерек бар. Оған қатысқан балалардың арасында өмірінде алғаш рет кітап оқыған оқушылар да болған. Бұл бізге бір маңызды шындықты көрсетеді: кейде баланың кітап оқымауы оның кітапқа қызықпайтынын білдірмейді. Мүмкін, оған қызығушылығына сай кітап ұсынылмаған. Бәлкім, оқығанын талқылайтын ортасы болмаған немесе кітаппен байланыс орнатудың тиімді тәсілі табылмаған шығар. Сондықтан оқырман тәрбиесінде «оқымайды» деген дайын бағаның орнына «оны кітапқа қалай жақындатамыз?» деген сұрақ маңызды. «Мизам» осы сұраққа тәжірибе арқылы жауап беріп отыр.
Жобаның жетекшілері – ақын Мұхтар Күмісбек пен «Jetіsý» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлы. Олар балалармен тікелей жұмыс істеп, әдеби шығарманы оқыту мен шығармашылыққа баулуды қатар алып жүрді.
Жобаның тағы бір құндылығы – ауыл мен қала арасындағы әдеби мүмкіндіктер алшақтығын азайтуға ұмтылуында. Әдебиетке қызығатын баланың бәрі бірдей үлкен қалада тұрмайды. Қаламгер болуды армандайтын, өлең жазатын, әңгімеге қызығатын бала шалғай ауылда да болуы мүмкін. Сондықтан талантты іздеу үшін оның өзі келетін жерді күтудің қажеті жоқ. Әдебиет баланың өзіне баруы керек.
Кітап оқу жобаларын бағалағанда көбіне «қанша адам қатысты?», «қанша кітап оқылды?» деген статистикалық көрсеткіштерге сүйенеміз. Әрине, мұндай мәліметтер маңызды. Бірақ әдеби жобаның шынайы нәтижесі кейде статистикаға сыймайды.
Бір баланың кітапқа қызығуы, бір шығарманы алғаш рет өз бетімен оқуы, кейіпкердің әрекетіне баға беруі, өз ойын қағазға түсіруі, қаламгерге сұрақ қоюы, жазған өлеңін көпшілік алдында оқуы – оқырман қалыптастырудың нақты нәтижелері. Оқырман бір күнде қалыптаспайды. Ол алдымен кітапты қолына алады. Содан кейін оқиды. Оқығанын түсінуге тырысады. Кейіпкерге баға береді. Автордың ойын саралайды. Өз пікірін қалыптастырады. Бірте-бірте кітап оның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналады. «Мизам» осы үдерістің алғашқы қадамдарын жүйелі түрде қалыптастыруға мүмкіндік берді. Сондықтан жобаның «көп кітап оқыту» идеясынан гөрі ойлайтын оқырман қалыптастыруға басымдық беруі маңызды. Өйткені кітап оқу жарысқа айналмауы тиіс. Оның мәні – оқылған кітаптың санын көбейту емес, сол шығарманың адамның ойына әсер етуінде.
2017 жылғы «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» мен бүгінгі «Мизам» сырттай қарағанда екі түрлі жоба. Бірі кітап алмасуға бағытталса, екіншісі әдеби білім мен шығармашылыққа негізделген. Бірақ олардың түпкі мақсаты бір арнаға тоғысады: бірі кітапты оқырманға жақындатты, екіншісі оқырманды кітаптың мазмұнына тереңірек үңілуге үйретті. Буккроссинг кітаптың қоғам ішінде қозғалуына мүмкіндік берсе, «Мизам» сол кітаптың адам санасында қозғалуына жол ашты. Осы екі тәжірибеден кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың тұтас моделін көруге болады: кітапқа қолжетімділік, тұрақты оқу әдеті, оқығанды талдау, пікір айту, шығармашылыққа ұмтылу. Егер осы тізбек үзілмесе, кітап оқу науқандық шара емес, адамның өмір салтына айналады.
P.S Талдықорғандағы буккроссинг сөрелерінен басталған кітап алмасу дәстүрінің бүгін әдеби мектептерге ұласуы кітап оқу мәдениетінің өзегі сақталғанымен оның формасы заман талабына сай жаңарып отыратынын көрсетеді. Кітаптың жолы сөреге түскен жерінде аяқталмайды. Оның ең маңызды сапары – оқырманның қолынан оның санасына дейінгі жол. Ал санасында кітапқа орын бар ұрпақтың ойында да, сөзінде де, болашағында да жаңаруға орын бар.
Сарби ӘЙТЕНОВА





