Қазақстанда су ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану бағытында маңызды реформалар жүзеге асырылып, еліміздің сегіз су шаруашылығы бассейні бойынша арнайы жоспарлар әзірленуде, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ қабылданған Су кодексіне сәйкес ауқымды бастаманың екінші кезеңін жүргізіп жатыр. Аталған құжаттар су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, баламалы су көздерін іске қосу, гидротехникалық нысандарды қалпына келтіру және құрғақшылық тәуекелдерінің алдын алу шараларын қамтиды. Маңызды бастама су ресурстарын үнемді пайдаланудың экономикалық тетіктерін жетілдіріп, өңірлердегі гидрологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған.
Жобаның бірінші кезеңінде сарапшылар су нысандарының жай-күйі, жерүсті және жерасты су қоры, сапа көрсеткіштері, климаттық өзгерістер мен әлеуметтік-экономикалық жағдайлар туралы жан-жақты ақпарат жинақтады. Екінші кезеңде осы деректер негізінде қолданыстағы қауіп-қатерлер жіктеліп, алдағы кезеңдерге арналған сумен қамтамасыз ету болжамдары жасалып жатыр. Келесі кезеңдерде 15 жылдық даму перспективасы ескеріліп, мақсатты индикаторлар мен нақты іс-шаралар бағдарламасы таңдалады.
Сегіз бассейндік жоспар әр аумақтың өзіндік ерекшелігін, халық пен экономиканың нақты қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік береді. Осы жүйелі жұмыстың нәтижесінде су ресурстарын кешенді басқарудың Бас жоспары құрылып, елдің су қауіпсіздігінің берік іргетасы қаланады. Сонымен қатар табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті тұрақты су көзімен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін таппақ.
Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, бассейндік жоспарлар жаңартылған басқару жүйесінің негізіне айналады:
«Бассейндік жоспарлар Қазақстанның су ресурстарын басқарудың жаңартылған жүйесінің негізіне айналады. Олар еліміздің сегіз су шаруашылығы бассейнінің әрқайсысы бойынша жеке әзірленіп, аумақтардың нақты ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, су ресурстарының қолжетімділігі мен көлемі, су шаруашылығы инфрақұрылымының жай-күйі мен даму перспективалары, халық пен экономиканың қажеттіліктері, су шаруашылығы учаскелерінің ерекшеліктері және экологиялық ахуал назарға алынады. Осы құжаттардың негізінде су ресурстарын кешенді басқарудың Бас жоспары әзірленіп, су қауіпсіздігінің жалпыұлттық моделін қалыптастырады. Бұл құжат мемлекеттік жоспарлаудың маңызды элементіне айналады».





