Халықаралық іздеуде жүрген ірі қаржы пирамидасының басшысы Түркия Республикасынан Қазақстанға экстрадицияланып, заң алдында жауап беруге әкелінді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті прокуратура органдарының үйлестіруімен және Интерполдың Ұлттық орталық бюросымен бірлесіп, 2022 жылдан бері іздеуде болған күдіктіні құрықтады. Тергеу деректеріне сәйкес, «The Finiko» ұйымы ешқандай нақты кәсіпкерлік немесе инвестициялық қызметпен айналыспаған.
Алаяқтар классикалық пирамида тәсілін қолданған: бұрын келген салымшыларға дивидендтер жаңадан қосылған азаматтардың ақшасы есебінен төленіп отырған. Осылайша жалған табыстылық көрінісін жасап, халықты алдап келген. Қылмыстық әрекеттердің салдарынан азаматтар 160 млн теңгеден астам қаржысынан айырылды.
Құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тәркілеу шеңберінде күдіктіге тиесілі құны 221 млн теңге тұратын жер телімін мемлекет кірісіне қайтарды. Бұған дейін осы іс бойынша 3 адам мүлкі тәркіленіп, 5-6 жылға дейін бас бостандығынан айырылған болатын. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.
Бұл жағдай азаматтарға қаржылық сауаттылықты арттырудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Шамадан тыс жоғары табыс уәде ететін күмәнді ұйымдарға ақша салмас бұрын, компанияның лицензиясы мен беделін мұқият тексеру қажет.





