Панфилов аудандық ардагерлер ұйымының мұрындық болуымен зейнеткерлер арасында тоғызқұмалақ, дойбы және шахматтан жарыс өтті. Турнирге ауданның қаласы мен ауылдық округтерінен іріктеліп шыққан 40-қа жуық ойыншы қатысты. Бәсеке Жаркент қаласындағы «Ұзақ өмір сүру» орталығында өтті.
Жарыстың ашылу салтанатында аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Тоқтарбай Керімқұлов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ұйым төрағасының орынбасары Төлебай Елеусізов пен турнирдің бас төрешісі Мұқтарбек Жұмағұлов ойын ережелерімен таныстырды.
Турнир барысында ардагерлер өзара бақ сынап қана қоймай, пікір алмасып, ескі таныстарымен қауышып, жаңа достар тапты. Мұндай шаралар аға буынның қоғамдық белсенділігін арттырып, бос уақытын мазмұнды өткізуіне мүмкіндік береді. Әсіресе ұлттық зияткерлік ойын – тоғызқұмалақтың тәрбиелік мәні ерекше. Ол адамның ойлау қабілетін жетілдіріп, сабырлылыққа, есепке және алдын ала болжам жасауға үйретеді. Ал шахмат пен дойбы логикалық ойлауды дамытып, шешім қабылдау қабілетін шыңдайды. Сондықтан мұндай жарыстар ұлттық құндылықтарды дәріптеумен қатар, белсенді әрі салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.
Жарыс қорытындысында тоғызқұмалақтан Талды ауылдық округінің ардагері Қанат Өмірзақ бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Бағдәулет Найманбаев, үшінші орынды Ердәулет Құлжабеков иеленді. Дойбыдан Жаркент қаласының өкілі Болатбай Көбенбаев жеңімпаз атанды. Атамекен ауылының ардагері Бершінбек Сатыбалдиев екінші, Айдарлы ауылының өкілі Жағыпар Мұздыбаев үшінші орынға тұрақтады. Ал шахматтан бірінші орынды жаркенттік Асымжан Абдурашитов жеңіп алды. Екінші орын көкталдық Аюпжан Худайбердиевке, үшінші орын жаркенттік Нариман Зипаровқа бұйырды.
Жүлдегерлерге аудандық ардагерлер ұйымының арнайы ақшалай сыйлықтары табысталды. Сонымен қатар барлық қатысушы ақшалай ынталандыру сыйлығына және аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Мұндай шаралардың басты мәні ардагерлердің қоғамнан шет қалмай, белсенді өмір салтын ұстануына жағдай жасау. Өмірлік тәжірибесі мол қариялардың ел ісіне араласуы, жастарға ақыл-кеңес беруі ұрпақтар сабақтастығын нығайтудың тиімді жолы.
Қазақта «Қариясы бар елдің – қазынасы бар» деген тағылымды сөз бар. Қарияны құрметтеу оның жасына ғана емес, өмірлік тәжірибесі мен елге сіңірген еңбегіне құрмет көрсету. Ал белсенді, сергек, қоғаммен бірге тыныстап жүрген ардагер кейінгі ұрпаққа берері мол рухани қазына. Панфилов ауданындағы осындай игілікті бастамалар аға буынның қоғамдағы орнын айқындап, ұлттық ойындарды, салауатты өмір салтын және ұрпақтар сабақтастығын насихаттауға қызмет етіп келеді.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы





