Облыста ауыл мектептерінің шығармашылық әлеуетін танытып, педагогтердің кәсіби ізденісін саралаған «Үздік ауыл мектебі» облыстық байқауы өтті. Білім додасының қорытынды кезеңіне аудандық және қалалық іріктеуден сүрінбей өткен 8 білім беру ұйымы қатысып, өздерінің озық тәжірибесі мен жаңашыл жобаларын ортаға салды.
Байқау ауыл мектебінің бүгінгі тынысын, ұстаздың ізденісін және білім беру ісіндегі жаңа бағыттарды бір арнаға тоғыстырды. Қатысушылардың бірі цифрлық технологиялардың мүмкіндігін тиімді пайдалануға ден қойса, енді бірі оқушының шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған жобаларын ұсынды. Мұғалімдер күнделікті оқу үдерісінде қолданатын тиімді әдістерін жаңа форматта таныстырып, өз мектептерінде қалыптасқан тәжірибелерін көрсетті.
Үш кезеңнен тұрған байқауда педагогтердің кәсіби шеберлігімен бірге тың идеялары, шығармашылық ізденісі және мектеп тәжірибесіне енгізген жаңашыл тәсілдері бағаланды. Әсіресе жас мамандардың заманауи көзқарасы мен тәжірибелі ұстаздардың жылдар бойы қалыптасқан әдістемелік ізденістерінің сабақтастығы анық байқалды.
Кербұлақ ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің директоры Жанар Жұмажанова байқауға дайындық ұстаздардан үлкен ізденіс пен жауапкершілікті талап еткенін айтады.
– Сайыстың алғашқы кезеңінде мектептің соңғы үш жылдағы жетістіктері, педагогтердің еңбегі мен білім ордасының мүмкіндігі жан-жақты таныстырылды. Мұндай байқаулар, әсіресе жас мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдап, тәжірибе алмасуына жол ашады деп ойлаймын. Қазіргі білім беру жүйесінде мұғалімнен тек өз пәнін жетік білумен шектелмей, жаңа әдістерді меңгеріп, оларды тәжірибеде тиімді қолдана білу талап етіледі. Осы тұрғыдан алғанда, байқауға қатысқан педагогтердің ізденісі ауыл мектебінде де сапалы білім беруге мол мүмкіндік бар екенін көрсетеді, – дейді ол.
Ал Алакөл ауданындағы Көктұма қазақ орта мектебінің директоры Алмагүл Қасымжанова байқаудың негізгі құндылығы тек жүлде алу емес, жылдар бойы жинақталған тәжірибені әріптестермен бөлісу екенін алға тартады.
– Бұл сайысқа үшінші рет қатысып отырмыз. Әр кезеңде педагогтердің кәсіби өсуіне, тәжірибе алмасуына және жаңа ізденістерге мүмкіндік жасалатынын айтқым келеді. Мектеп ұжымы үшін өз тәжірибесін ортаға салып, басқа білім беру ұйымдарының жұмысымен танысудың өзі маңызды, – дейді ол.
Байқаудың үш кезеңі ауыл мектептерінің тынысынан түрлі мысал көрсетті. Бір мектепте цифрлық шешімдер оқу үдерісінің тиімділігін арттыруға бағытталса, енді бірінде баланың шығармашылық қабілетін ашуға басымдық берілді. Осылайша әр білім ордасы өзінің қалыптасқан қолтаңбасын таныта алды.
Қазылар алқасы мектептердің жұмыстарын жан-жақты саралап, қорытынды нәтижеге сәйкес жеңімпаздарды анықтады. Байқау қорытындысында Кербұлақ ауданы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебі I орынға ие болды. II орын Алакөл ауданындағы Көктұма орта мектебіне бұйырды. III орынды Панфилов ауданындағы Әбілхан Қастеев атындағы орта мектеп пен Талдықорған қаласының Өтенай ауылындағы №21 орта мектеп өзара бөлісті. Ал Қаратал ауданындағы М. Горький атындағы орта мектеп «Шығармашыл мектеп» номинациясымен марапатталды.
«Үздік ауыл мектебі» байқауының мәні жүлдеден әлдеқайда кең. Мұнда ауылдағы білім беру ісінің әлеуеті, ұстаз еңбегінің салмағы, жаңашылдыққа ұмтылған мектептердің тәжірибесі көрініс тапты. Қатысушылар ұсынған озық тәжірибелер алдағы уақытта өзге білім беру ұйымдарының жұмысында да қолданылмақ.
Ауыл мектебінің мүмкіндігі оның ғимаратымен немесе материалдық базасымен ғана өлшенбейді. Оның ең үлкен капиталы ізденістен жалықпайтын ұстазы, білімге құштар шәкірті және жаңаруға ұмтылған ұжымы. Аталған байқау осыны тағы бір мәрте айқындады.
Медет ЖҰМАБАЙ




