Қазақстан мектептерінде оқытылатын жаңа пән оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қауіпсіз мінез-құлық қағидаларын қалыптастыруға бағытталған, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
«Заң мен тәртіп» курсы тек теориялық білім берумен шектелмейді. Бағдарламаның басты ерекшелігі практикалық бағытқа негізделгенінде. Оқушылар күнделікті өмірде кездесетін әртүрлі жағдаяттарды талдап, заң талаптарына сай дұрыс шешім қабылдауды үйренеді. Сабақтар барысында кейс-әдіс, рөлдік ойындар және нақты жағдаяттарды модельдеу секілді белсенді әдістер қолданылады.
Оқу бағдарламасына өскелең ұрпақ арасында жиі кездесетін өзекті мәселелер мен қауіптер қамтылған. Атап айтқанда:
-
«Мектепте және көшеде заңдар мен мінез-құлық қағидаларын сақтау»
-
«Буллинг және кибербуллинг»
-
«Онлайн-чаттарда жеке тұлғаның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін ақпаратты таратқаны үшін құқықтық жауапкершілік»
-
«Вандализм және кәмелетке толмағандар үшін түнгі уақыт шектеулері»
-
«Желідегі оңай табыс: дропперлік және алаяқтық»
-
«Экстремизм және жалған жаңалықтар»
-
«Репосттар үшін жауапкершілік»
Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл курс жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың ерте алдын алуға айрықша мән береді. Оқушылар заңсыз әрекеттердің салдарын түсініп, интернет кеңістігіндегі қауіптерден қорғану жолдарын меңгереді. Оқу нәтижелерін бағалау тек жатталған ережелерді тексеру арқылы емес, балалардың практикалық тапсырмалар мен талқылауларға қатысу белсенділігі негізінде жүзеге асады. Нәтижесінде жасөспірімдер өзінің құқықтарын қорғап қана қоймай, қоғам алдындағы жауапкершілігін тереңрек түсінеді.





