Қазақтың көшпелі тұрмысында әрбір бұйымның өзіндік орны болған. Күнделікті қажетке жараған заттар ықшам, жеңіл әрі ұзақ сапарға төзімді етіп жасалды. Солардың бірі – халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен шеберлік дәстүрінен сыр шертетін торсық.
Торсыққа қымыз, шұбат, айран, су секілді сусындар құйылып, алыс жолға алып жүрген. Сынбайды, салмағы жеңіл. Сондықтан көш жолында да, жорық үстінде де кәделікке жараған. Торсықтың қазақ өміріндегі қызметін Шоқан Уәлихановтың «XVIII ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар» еңбегінен де аңғаруға болады. Ғалым жорықтағы қазақ сарбаздарының су құйылған торсықта құрт жібітіп, жол-жөнекей ас еткенін жазады.
Халық шеберлері торсықтың бірнеше түрін жасаған. Олардың қатарында шимайторсық, мүйізторсық, өркешторсық, жанторсық бар. Пішіні мен өрнегі қолданылу мақсатына қарай ерекшеленген. Әсіресе сәндік сипаттағы үлгілерге ою-өрнек түсіріліп, күміс шытыралар тағылған.
Торсық жасау да кез келген адамның қолынан келе бермеген. Оған көбіне түйе, өгіз немесе бұғы терісі пайдаланылған. Терісі өңделіп, қалыпқа келтірілген соң таспа не жылқы сіңірінен есілген тарамыспен тігілген. Бұйымның ішкі-сыртқы беті мұқият өңделіп, кейін арша, тобылғы, қарағай бүрі арқылы ысталған. Ыстау торсықтың беріктігін арттырып, сусынның бабын сақтауға мүмкіндік берген.
Бүгінде атадан қалған осындай бұйымдар музей төрінде сақталып, өткен дәуірдің үнін жеткізіп тұр. «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейінің қорындағы мүйізторсық – соның бірі. XIX ғасырдан жеткен жәдігердің шебері белгісіз болғанымен оның өрнегі мен жасалу мәнері сол дәуірдегі қазақ қолөнерінің биік деңгейін танытады. Торсықтың бетіне батырылып әрі кертіліп геометриялық өрнектер түсірілген.
Бір қарағанда қарапайым тұрмыстық бұйым көрінгенімен торсықтың бойында тұтас бір дәуірдің тынысы бар. Оның пішінінен көшпелі өмірдің ыңғайы, өрнегінен халықтың көркемдік танымы, жасалу тәсілінен ата-баба шеберлігі аңғарылады.
Ұлттық мұраның қадірі де осында. Музей қорында сақталған әр жәдігер – өткен мен бүгінді жалғаған алтын арқау. Торсықты тану арқылы халқымыздың тұрмысын, талғамын, табиғатпен біте қайнасқан тіршілігін тани түсеміз. Көненің көзіндей болған мұндай дүниелерді сақтау – тарихты құрметтеу, келер ұрпаққа аманаттау.
Тоғжан ҚАСҚАРБАЕВА
«Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейі





