Ащы да болса шындық. Ел құрамасының нәтижесі әр Азия ойындары сайын төмендеп келе жатыр. Осы жолы бір сілкініс жасап, түрленетін сәт туғандай. Оған спортшыларымыздың бүгінгі қарым-қабілеті, білігі жетеді. Әлемдік аренада өзіндік орнын қалыптастырған есімі мәшһүр спортшыларымыз күн шығыс еліне аттанды. Енді олардың жолына мол үмітпен назар аударамыз. Сары құрлықтың басты додасы басталар сәт жақын. Азия ойындарынан алтынсыз қайтпаған өңірлердің бірі – Жетісу облысы. Бұл жолы да мерейлі дәстүр жалғасар.
Қазақстан құрамасының көрсеткіші құлдилап бара жатқанын жаздық. Мәселен, Жакартада өткен (2018 жыл) Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 9-орын (15 алтын, 17 күміс, 44 қола – жалпы 76 жүлде), 2022 жылы Ханчжоуда (Қытай) болған сайыста 11-орын (10 алтын, 22 күміс, 48 қола – 80 жүлде) алды. Санаулы алтын алған спортшылар тізімінен жетісулықтарды да кезіктіреміз. Мәселен, 2018 жылы самбодан 68 келіде сарыөзектік Ділдаш Құрышбаева, 2022 жылы Ескелді ауданының тумасы Евгений Федоров тасжолдағы жарыста тағы бір қазақстандық Алексей Луценкомен бір уақытта келгенімен (4:25.29) алтын медаль алған.
Жапонияда өтетін Азия ойындарына Жетісу облысынан 8 спорт түрі бойынша 23 спортшы қатысады. Олар Сайрамкез Ақмолда (ауыр атлетика), Ильфат Абдуллин, Дәулеткелді Жаңбырбай, Александра Землянова, Медина Мұрат (бәрі садақ атудан), Евгений Федоров, Денис Сергиенко (велоспорт), Аяна Болатбекқызы (жеңіл атлетика), Аделия Өтешева (құзға өрмелеу), Ділназ Олжабаева, Ділназ Хайрушева (көгалдағы хоккей), Татьяна Никитина, Илья Таволжанский, Айбек Жақсылықов (волейбол), Екатерина Каменкова, Амина Төлегенова, Алина Әскерова, Аяулым Бақытбек, Диана Андриенко, Данил Сумский, Александр Белашов, Максим Петухов, Алексей Лукманов (регби).
Аичи-Нагояда (Жапония) 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтетін 20-шы Азия ойындарына 46 елден 10 840 спортшы қатысады. Қазақстан құрамасы бұл сынға бағдарламаға енген 43 спорт түрінің 35-і бойынша жүлдеге таласады. Ел намысын 559 спортшы қорғайды. Салтанатты ашылу кешінде Қазақстанның Көк туын дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов пен үстел теннисінен ұлттық құрама мүшесі Сарвиноз Миркадирова ұстайды. Күн шығыс елі Азия ойындарын осымен үшінші мәрте қабылдап отыр (1958 жыл – Токио (III Азия ойындары); 1994 жыл – Хиросима (XII Азия ойындары).
Қазақстан құрамасы үшін алғашқы негізгі жарыстардың бірі бокстан басталады. Бокс бәсекелері 21 қыркүйекте өтеді. Қазақстан сапында ерлер арасында Махмұд Сабырхан, Оразбек Асылқұлов, Төрехан Сабырхан, Сабыржан Аққалықов, Нұрбек Оралбай және Айбек Оралбай өнер көрсетеді. Әйелдер құрамасында Алуа Балқыбекова, Назым Қызайбай, Виктория Графеева, Аида Әбікеева және Наталья Богданова бар.
Жетісулық тұңғыш төреші
Индира Бектенованың есімі спорт жанкүйерлеріне тегіс таныс десек қателеспейміз. Ұлттық арнадағы спорттық шығарылымдармен көзге түсіп, кейіннен еліміздегі «Qazsport» арнасында жұмыс істеді. Әлі де спорттық шараларда төбе көрсетіп, шет елдік, халықаралық жарыстардан ақпарат таратып келеді. Еңбеккерлігі сүйсінтеді. Жұмысы көпке үлгі. Әлі де ізденіс үстіндегі жанның Азия ойындарына төреші есебінде шақырту алып, осыған дейінгі тәжірибесі, білімі ескерілді. Телеарнада жүріп, төрешілікті таңдауға не түрткі болғаны туралы Индираның өзі: «Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы қазақстандықтардың халықаралық ұйымдардағы өкілдігін арттыруды тапсырды. Осы ретте мен де кішкентай болсын үлесімді қосуды жөн санап, төрешілікке бет бұрдым. Оған қоса, спортты дамыту тек спортшыларды жаттықтырып, бапкерлердің біліктілігін арттырумен шектелмейді. Бұл – одан да ауқымды, кешенді жұмыс. Сол себепті біз өз төрешілерімізді тәрбиелеп, өсіріп, оларға қолдау көрсетуіміз қажет. Өйткені төрешілер де спортшылар сияқты елдің атынан жарыстарда жұмыс істейтін жандар. Сонымен қатар ескек есу спортында қазақтан шыққан тұңғыш нәзік жанды төреші болғандықтан, маған артылған жауапкершілік жүгі ауыр екенін түсінемін. Ескек есуден төреші болу – менің өз бастамам. Бұл спорт түрін таңдағаным кездейсоқ емес. Өйткені ескек есушілермен бірге біраз жарыстарға барып, олардың оқу-жаттығу жиындарына қатыстым. Осы спорттың қыр-сырын түсініп, қатты ұнатқандықтан осы жолға келдім. Халықаралық дәрежедегі төреші деңгейіне жету үшін көп еңбектену керек. Бірнеше сатыдан тұратын емтихандардан сүрінбей өту оңай болған жоқ. Былайша айтқанда, күрделі терминдерге толы халықаралық ескек есу федерациясының қалың ережесін жатқа білу қажет. Жарыс барысында қандай да бір оқиға болса, шешім сол ереже бойынша қабылданады», – дейді.
Биыл бағдарламаға алғаш рет бірнеше ерекше спорт түрі енді: MMA – аралас жекпе-жек; Падел – қабырғамен қоршалған алаңдағы ракеткалық ойын; Виртуалды таеквондо – технология мен жекпе-жек тоғысқан жаңа формат; BMX-фристайл – күрделі трюктер мен секірулер; Серфинг – толқында өнер көрсету; Текбол – футбол мен үстел теннисінің үйлесімі. Сонымен қатар Азиада бағдарламасында кураш, кабадди, сепактакрау және крикет те бар. Қазақстан спортшылары аталған спорт түрлерінен де сынға түседі.
Ескелді ауданында дүниеге келген Индираның отбасы – спортшылар әулеті. Әкесі Бақытжан да, сіңлісі Айгүл де спорт саласында айтарлықтай жетістікке жеткен. Индира Бектенова Жапонияда өтетін 20-шы Азия ойындарына ресми түрде шақырту алды. Индира осы спорт түрінде Қазақстаннан шыққан алғашқы халықаралық санаттағы әйел төреші ретінде тарихта қалды.
– Мен үшін Қазақстан атынан ірі халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, әйелдер арасында халықаралық санатқа ие болған алғашқы қазақ төреші атану – үлкен мәртебе. Бұл – көпжылдық еңбектің, халықаралық тәжірибенің және әлемдік спорт ұйымдарының сенімінің нәтижесі. Алдағы уақытта да кәсіби төрешілікті дамытуға және Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы орнын нығайтуға үлес қосамын, – дейді ол.
Спорт саласында көпжылдық тәжірибесі бар маман Венгрияның Сегед қаласында өтетін байдарка мен каноеде есуден әлем кубогы кезеңінде Халықаралық байдарка мен каноеде есу федерациясы (ICF) төрешілер алқасының құрамында Finish Line Judge ретінде жұмыс істейді.
Кімнен үміт күтеміз?
Қазақ қашанда сөре алдында тұрған тұлпардың түр-түсіне, дайындығына қарап өзінше болжам жасап, үміт артқан. Бұл үрдіс қанда бар. Азия ойындарына аттанған спортшыларымыздың әрқайсысы жүлде алып, елді қуантқанын қалаймыз. Алайда толық жүлдемен оралу мүмкін емес екендігі бесенеден белгілі. Журналистердің арасында жиі іс-сапарға шығып, спортшылардың жанынан табылатындарды бірі – Шамкен Байырбек. Өз кезегімізде заңды сұрақты қойдық. Үнемі атлеттердің қасында жүретін, олардың барлық жарысына қатысқан азаматтың жауабы төмендегідей болды.
– Азия ойындары – біз үшін Олимпиададан кейінгі жарыс, және төрт жылдықтың басты додасына дайындық. Үміт күтетін спортшыларымыз көп. Бұл жолы әр алтынның салмағы басым болады. Өйткені жалпыкомандалық есептегі нәтиже үлкен рөл атқарады. Әсіресе бокс, одан кейін ауыр атлетика, күрес, жеңіл атлетика, нысана көздеу спорт түрлерінен нәтиже алдыңғы ойындармен салыстырғанда жақсы болады деп ойлаймын. Өйткені Қазақстанға жалпы есепте алтын санын көбірек алып беретін спорт түрлері осылар. Одан бөлек таеквондо, тарихи нәтиже тіркелуі мүмкін каратэ, одан кейін тағы да қосылып жатқан киберспорт бар. Енді кімнен жүлде күтеміз? Қазақ жанкүйерлері бокста жүрген ағайынды Сабырхандардың жолына қарайды. Мақмұт осыған дейін Азия ойындарына қатысты, онысы сәтсіз болды. Ал Төрехан бас жүлдеден үмітті боксшылардың бірі деп ойлаймын. Яғни осы Азияданың баяғы қаһармандарының біріне айналуы әбден мүмкін. Одан бөлек каратэдегі Бела Самұшаева да жарақаттан кейін, енді қатарға қосылып жатыр. Мінезді, тәжірибелі спортшы София Берульцева Азия ойындарынан екінші алтынын алуға барын салады. Одан кейін жас спортшылардың арасында Шұғыла Өмірбекті атап өте аламын. Еркін күресте Едіге Қасымбек, грек-рим күресінен Ислам Евлоев бар. Сосын көркем гимнастикадан Ақмарал Еркешева тоқтап айтқым келіп отыр. Ол да бірінші рет шығып отыр. Ауыр атлетикада алғаш рет қатысып жатқан Ахмолда Сайрамкез, менің ойымша жанкүйерлерді таң қалдыра алады, қолынан келеді. Байдаркада ескек есуден Стела Суханова бар, – дейді Шамкен Байырбек.
Алтын үшін барымызды саламыз
Ильфат АБДУЛЛИН,
садақ атушы:
– Иә, сырт көзге садақ ату өте тыныш спорт сияқты көрінеді. Бірақ жарыс кезінде ішкі тартыс өте жоғары болады. Себебі сен тек қарсыласпен емес, ең алдымен өзіңмен күресесің. Бір жебе – бірнеше айлық, тіпті бірнеше жылдық еңбектің нәтижесі болуы мүмкін. Сол сәтте қобалжуды басып, ойыңды жинақтап, техникаңа және әр әрекетіңе толық бақылау жасауың керек. Кейде сырттан қараған адам ештеңе болып жатқан жоқ деп ойлауы мүмкін, ал спортшының ішінде үлкен күрес жүріп жатады. Сондықтан садақ атуда физикалық дайындықпен қатар психологиялық дайындық өте маңызды. Биыл Қазақстан құрамасы халықаралық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Бұл үлкен сенімді қалыптастырады. Әр жеңіс бізге келесі жарыстарға одан да үлкен мотивация береді. Ең бастысы – осы нәтижелермен шектеліп қалмай, одан әрі еңбектену. Азия ойындарында Қазақстан құрамасының сапында болу – үлкен қуаныш. Осы жолғы жарысқа дайындығымыз жақсы. Екі апта Қаскелеңдегі Олимпиада орталығында, одан уақыт белдеуіне үйрену үшін, техникалық тұсымызды шыңдау үшін үш аптаға жуық Оңтүстік Кореяда жаттықтық. Әрине, екі Азия ойындарында қатарынан жекелей сында қола медаль үшін сынға түсіп, бір дем жетпей қалған сәт естен бір сәт шыққан емес. Биыл кеткен есені қайтарғымыз келеді (ред. Ильфат 2018 жылы үшінші орын үшін индонезиялық Риау Эга Агатадан 2:6 (29:29, 27:28, 26:30, 28:28) есебімен жеңілсе, 2022 жылы қолаға болған кездесуде кореялық Ли У Соктан 1:7 (27:29, 28:29, 29:29, 29:30) ұтылды). Ал командалық сында сәттілік жетпей жүр. Есіңізде болса 2018 жылы ширек финалға дейін жетсек, 2022 жылы 1/8 финалдан ары аспадық. Бұл жолы барымызды саламыз.
Тарихта қалғымыз келеді
Татьяна НИКИТИНА,
волейболшы:
– Волейболдағы ұлттық құраманың кейінгі сәтсіздіктеріне себеп көп. Ал Азия ойындарында сол қателіктерден қорытынды шығарып, жақсы нәтиже көрсету үшін барымызды саламыз. Сары құрлықтың басты додасына екінші рет қатысып отырмын. Осының алдындағы ойында құрамамызда буын алмасу кезеңі өтіп жатты да, мен жас ойыншы санатында болдым. Ал бүгінгі доданың жөні бөлек. Алдыңғы Азия ойындарына (2022 жыл) қатысқандардан осы жолы тек үш ойыншы ғана қатарда. Олар – Кристина Белова, Мадина Бекет және мен. Дайындықты Орталық Азия чемпионатынан кейін іле-шала Талдықорғанда үш аптаға жуық «Жетісу» волейбол клубының базасында жүргіздік. Бәрі ойдағыдай өтті. Бүгінде Талдықорған еліміздегі волейболдың негізгі ошағына айналды. Оған «Жетісу» волейбол клубының әлемдік аренадағы жетістігі мен жеңісі дәлел. Сондықтан болар осы жолы «Жетісу» командасынан 5 ойыншы Ұлттық құрамаға шақырту алды. Жапониядағы Азия ойындарынан күтеріміз көп. Осыған дейінгі нәтижелерді саралай келе алдыңғы көрсеткіштен де жақсы ойын көрсеткіміз келеді (ред. 2022 жылы Ханчжоуда 8-орын, 2018 жылы Жакартада 5-орын, 2014 жылы Инчхонда 6-орын). Иә, жанкүйерлердің қолдауы сезіледі. Үнемі байланыстамыз. Волейболдан Қазақстан құрамасы жалпы өз тарихында 2010 жылы ғана жүлдеге ие болды. Қола медаль үшін болған ойында Солтүстік Кореяны 3:0 есебімен жеңген еді. Сол кезде құраманың екінші байланыстырушысы болған Ирина Кузнецова осы жолы негізгі қызметті тапсырып, тәжірибелі ойыншы есебінде команданың ойынын жүргізеді. Ол Азия ойындарына үзілістен кейін қайта қатысып отыр. Біз де Азия ойындарының тарихында қалғымыз келеді. Оңай болмайтындығы анық, бірақ біз өз кезегімізде қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз.
Серік ҚАНТАЙ






