Талдықорған қаласында Бикен Римова атындағы драма театрының алдында түнде отшашу ұйымдастырған азаматты полиция қызметкерлері бейнебақылау камералары арқылы анықтады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Демалыс күндері бір топ жас жігіт досын қуанышымен құттықтау мақсатында театр ғимаратының алдында салют атып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Орталық көшедегі шулы әрекет Полиция департаменті Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларына түсіп қалды. Тәртіп сақшылары іздестіру шараларын жедел жүргізіп, Кербұлақ ауданының 23 жастағы тұрғынын ұстады. Тәртіп бұзған азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті жаза қолданылды.
Түнгі уақытта пиротехникалық бұйымдарды заңсыз пайдалану – қала тұрғындарының тыныштығын бұзатын және өрт қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекет. Мерекелік көңіл-күй өзге азаматтарға қолайсыздық тудырмауы қажет. Ішкі істер органдарының өкілдері кез келген қуанышты шара заң шеңберінде және арнайы белгіленген орындарда өтуі тиіс екенін ескертеді. Түнгі сағат 22:00-ден кейін шулау немесе пиротехника ату әкімшілік құқық бұзушылық ретінде бағаланады.
Талдықорған сияқты қарқынды дамып келе жатқан шаһарда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде цифрлық технологиялардың маңызы зор. Жетісу өңірінде заманауи бейнебақылау жүйелерін орнатуға жыл сайын жергілікті бюджеттен жүздеген млн теңге бөлінуде. Жедел басқару орталығының камералары көшелердегі, парктер мен әлеуметтік нысандар маңындағы жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстайды. Цифрлық жүйелер ұсақ бұзақылықтардан бастап, ауыр қылмыстардың алдын алуға және оқиғаларды жедел ашуға мүмкіндік береді.
Қала тұрғындары мен қонақтарының сақтығы және заңға деген құрметі ортақ қауіпсіздіктің негізгі діңгегі саналады. Ішкі істер органдары тұрғындарды өзара сыйластық көрсетуге, қоғамдық орындарда тәртіп сақтауға және тыныштықты бұзбауға шақырады. Тәртіп пен заң талаптарын берік ұстану әрбір азаматтың азаматтық борышы.
Посмотреть эту публикацию в Instagram





