Қазақстанда әскери қылмыстар саны артып келеді. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында елде 261 әскери қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе көп, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Finprom сайтына сілтеме жасап.
Сарапшылардың мәліметінше, 2023 жылдан бері әскери қылмыстар саны тұрақты түрде өсіп келеді. Биылғы сегіз айда тіркелген деректер 2020 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішке жеткен. Тіпті бұл сан кейбір жылдардағы толық жылдық көрсеткіштен де асып түскен.
Әскери қызмет өткеру тәртібін бұзу, соның ішінде жарғылық емес қарым-қатынас фактілері 37%-ға өсіп, 74-ке жеткен. Ал билікті асыра пайдалану деректері шамамен 80%-ға артып, 49-дан 88-ге дейін көбейген.
Сонымен қатар қызметке салғырт қараудың 16 фактісі, ішкі қызмет атқару немесе патрульдеу ережелерін бұзудың сегіз жағдайы, билікті теріс пайдаланудың бес фактісі және биліктің әрекетсіздігіне қатысты екі дерек тіркелген.
Әскери қылмыстардан 363 адам зардап шеккен
2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында әскери қылмыстар салдарынан 363 адам зардап шеккен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе көп әрі 2020 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш саналады.
Әсіресе, 20 жасқа толмаған жастар арасында зардап шеккендер саны күрт өскен. 2020 жылы бұл санатта 42 адам тіркелсе, биылғы сегіз айда олардың саны 256-ға жеткен. Бұл – барлық зардап шеккендердің 70,5%-ы.
Ресми статистикада қылмыс салдарынан қаза тапқандардың жалпы саны емес, өлімге әкеп соққан қылмыстардың саны көрсетіледі. 2026 жылдың сегіз айында осындай сегіз дерек тіркелген. Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғаны қосқанда, көрсеткіш тоғызға жетеді.
Әскерде суицид деректері де тіркелген
2026 жылдың алғашқы жеті айында алты әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсаған. Олардың үшеуі келісімшарт бойынша, қалған үшеуі мерзімді әскери қызметте болған. Ресми мәліметке сәйкес, бұл жағдайлардың себептері анықталмаған.
Бұдан бөлек, тағы үш әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған. Оларға қатысты материалдарда жалғыздық, ауыр материалдық жағдай және отбасылық жанжал себептердің қатарында көрсетілген.
Каспийдегі қайғылы оқиға
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында өткен оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапты. Олардың 12-сі мерзімді әскери қызметшілер болған.
Қайғылы оқиғадан кейін Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен кетті. Оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.





