Қазақ тарихында елдің сөзін сөйлеп, жұрттың дауын шешкен, бірлік пен берекені ту еткен билердің орны айрықша. Олардан қалған әрбір нақыл сөз – уақыт сынынан өткен тағылым, ал өнегелі өмір жолы – кейінгі ұрпаққа аманат. Осындай ел жадында есімі сақталған тұлғалардың бірі – Балпық бидің шәкірті, әділдігімен танылып, шешендігімен мойындалған Айту Жаубасарұлы. Көрнекті би-шешеннің туғанына 280 жыл толуына орай Қаратал ауданына қарасты Көкпекті ауылында тағылымы мол мерейтойлық шара өтті.
Ауылдың мәдениет үйінде ұйымдастырылған басқосуға ауданның зиялы қауым өкілдері, ел ағалары, баба ұрпақтары мен ауыл тұрғындары қатысты. Мерейтойдың негізгі мақсаты – тарихи тұлғаның ел алдындағы еңбегін дәріптеп қана қоймай, оның өнегелі өмірі мен шешендік мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіру болды.
Айту Жаубасарұлы небәрі 44 жыл ғұмыр кешкенімен, артында ел жадында сақталған ғибратты сөздер мен өсиетті мұра қалдырды. Ол өз дәуірінде ел ішіндегі жер, жесір және ер дауы секілді күрделі мәселелерге төрелік айтып, әділ шешімімен халықтың құрметіне бөленген.
Бабаның ел игілігі жолындағы еңбегі де айрықша аталады. Қаратал ауданының Құрметті азаматы Рақымғали Өтегеновтің айтуынша, Айту бидің халыққа сіңірген қызметінің бірі – егіншілікке қажетті суды жеткізу мақсатында Тентек өзенінің арнасын бұруға атсалысуы.
Бабамыздың тағы бір ерлігі – ел игілігі үшін жасаған еңбегі. Құлжанбай Тоған деген кісімен бірге Құнанбай батыр келіп, Айту бимен ақылдасады. Мақсаттары – егістік алқаптарына су жеткізу үшін Тентек өзенінің арнасын бұру. Осы мәселе бойынша үшеуі Балпа атадан кеңес сұрайды. Ақылдаса келе, Тентек өзенін қол күшімен бөгеп, суды егістікке қарай бағыттайды. Осылайша елдің алғысына бөленген. Сонымен қатар Айту би шешендігімен, ділмарлығымен танылып, ел арасындағы жер дауы, ер дауы, жесір дауы секілді күрделі мәселелерді әділ шешуімен халық жадында қалған, – дейді Рақымғали Өтегенов.
Мерейтойдың ашылу салтанатында Қаратал ауданы әкімінің орынбасары Айбек Оңғаров құттықтау сөз сөйлеп, игі шараның ұйымдастырылуына, мәдени-көпшілік және спорттық іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Марапат иелері қатарында ауданның Құрметті азаматтары Рақымғали Өтегенов, Сойзхан Божбанова және Берік Тлекенов бар.
Сондай-ақ Айту Жаубасарұлының тікелей ұрпақтары, Қаратал ауданының Құрметті азаматтары Нұрман Желдібаев пен Рақымғали Өтегенов сөз сөйлеп, баба мұрасын ұлықтау мен тарихи сабақтастықты сақтау жайына тоқталды. Ауданның Құрметті азаматы Жұмахмет Жайлаубай да мерейтой иесіне қатысты жылы лебізін білдірді. Жиын барысында аудан мен ауылдың өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға шапан жабу рәсімі де өткізілді.
Бабалар мұрасын ұлықтау –бүгінгі ұрпақтың ел алдындағы жауапкершілігін сезіндіру. Бұл ретте ауыл тұрғындары да мерейтойдың мән-маңызына ерекше тоқталды.
Айту бабамыз ел ішінде би болған, әділдігімен танылған тұлға. Бүгінгі басқосудың да мәні – бабамыздың есімін ұлықтап, оның елге сіңірген еңбегін кейінгі ұрпаққа жеткізу. Осындай игі шараларымыз Алланың назарында болып, еліміз бен жерімізде әрдайым жақсылық пен береке орнасын деген ниеттеміз, – дейді ауыл тұрғыны Мадияр Шәріпбайұлы.
Мерейтой аясындағы тағылымды бастамалардың бірі Жұбан Молдағалиев атындағы орта мектепте жүзеге асты. Білім ордасында Айту би Жаубасарұлына арналған арнайы бұрыш ашылып, оқушыларға тарихи тұлғаның өмірі мен ел алдындағы еңбегін таныстыруға мүмкіндік жасалды. Мұндай бастаманың тәрбиелік мәні зор.
Мектепке Айту би бабамыздың бұрышын қоюдағы басты мақсат – өскелең ұрпаққа өлкемізде өмір сүрген тарихи тұлғалар туралы кеңінен мағлұмат беру. Себебі ата-бабаларымыздың өмір жолын танып-білу арқылы оқушылардың туған жерге, Отанға деген құрмет сезімі артады деп ойлаймыз. Батырларымыздың қалдырған аманаты мен өнегелі істері арқылы жас ұрпақ елге қызмет етудің қадір-қасиетін түсінеді деп сенеміз, – дейді мектеп директоры Ерлан Дандыбаев.
Мерейтойдың мазмұнын спорттық бәсекелер де толықтырды. Ерлер арасында волейболдан және жасөспірімдер арасында қазақ күресінен турнир ұйымдастырылып, оған 200-ге жуық спортшы қатысты.
Волейбол додасында сегіз команда бақ сынады. Нәтижесінде Бірінші Май ауылының командасы үздік шығып, I орынды иеленді. II орын «40+» командасына бұйырса, III орыннан Тастөбе ауылының командасы көрінді.
Ал боз кілемдегі белдесуге 105 жасөспірім қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жарыс қорытындысында Санжар Пернебек I орынға ие болса, Сүлеймен Кәрілік II орын алды. Алдияр Атанас пен Сұңқар Жолдасбай III орынды өзара бөлісті.
Осылайша Айту Жаубасарұлының 280 жылдық мерейтойы тарихи тағылым, рухани сабақтастық және спорттық бәсеке тоғысқан мазмұнды шараға айналды. Бабаның асыл сөзін ардақтап, елге сіңірген еңбегін ұрпақ санасына сіңіру бүгінгі азаматтарға парыз.
Медет ЖҰМАБАЙ






