Қазақстан БҰҰ-ның Женевадағы штаб-пәтерінде гендерлік теңдік, әйелдер құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бағытындағы ауқымды реформалардың нәтижесін ұсынды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитетінің отырысында ел делегациясы соңғы жылдары атқарылған заңнамалық өзгерістерді таныстырды. ҚР Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан өз сөзінде халықаралық ұйымдармен серіктестік ұлттық құқық қорғау жүйесін жетілдірудің негізі екенін атап өтті. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әйелдердің саяси мен экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту басты басымдық болып қала береді.
Соңғы жылдары бұл салада маңызды қадамдар жасалды. 2024 жылы қабылданған арнайы заң аясында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауаптылық күшейтілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заң күшіне еніп, құрбандарды анықтаудың халықаралық стандарты енгізілді. Оған қоса, еліміздің бастамасымен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою туралы арнайы қарар қабылдады.
Гендерлік теңдік саяси мен экономикалық салада да айқын көрініс табуда. 2026 жылғы сайлау қорытындысы бойынша әйелдер Құрылтайдағы 145 депутаттық мандаттың 49-ын, яғни 33,8%-ын иеленді. Екі азаматша Құрылтай Төрағасының орынбасары болып сайланса, үшеуі тұрақты комитеттерді басқарады. Мемлекеттік қызметтегі әйелдер үлесі 55%-ға жетіп, басшылық лауазымдардың 39%-ын құрап отыр.
Экономикалық салада да оң серпін байқалады. Еліміздегі шағын және орта бизнес субъектілерінің 48,2%-ын, яғни 1,1 млн кәсіпорынды әйелдер басқарады. Осы бизнес нысандарында 1,5 млн-нан астам жұмыс орны ашылған. Ғылым мен цифрлық экономиканы игеруге де ерекше көңіл бөлінуде. Арнайы бағдарламалар арқылы 10 мыңнан астам әйел цифрлық дағдылар бойынша білімін жетілдірді.
Денсаулық сақтау саласындағы ілгерілеу де көңіл қуантады. Соңғы бес жылда ана өлім-жітімі 75%-ға азайды, ал ауылдық жерлердегі профилактикалық тексеру деңгейі 62-81% аралығына дейін өсті. Мүгедектігі бар азаматшалар үшін кедергісіз орта мен медициналық көмек қолжетімді бола түсті. Мұндай кешенді шаралар қоғамдағы тұрақтылық пен әділеттілікті нығайтуға жол ашады.





