Талдықорған: +10°C
$ 455.12
€ 498.99
₽ 5.55
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
29 қараша — Мәслихаттар депутаттарының сайлауы
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • МӘСЛИХАТТАР САЙЛАУЫ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • МӘСЛИХАТТАР САЙЛАУЫ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮНДЕРЕК

Жастар желінің жетегінде

Бүгін, 13:00
КҮНДЕРЕК
Жастар желінің жетегінде

massaget.kz

WhatsAppTelegramFacebook

Астаң-кестең, аласапыран дүниеде көңілдің көкжиегін кеңейту үшін қалың елден қол үзіп, телефонсыз табиғат аясына бір сәт аялдасаң жетіп жатыр. Смартфонсыз өткен санаулы сәттердің өзі құлақ құрышын қандырып, көңілге көптен қонбаған тыныштық сыйлайды. Көк аспанға көз тігіп, салқын самалды сезініп, құстың үнін тыңдаудың өзі бір ғанибет. Ал күнделікті күйбеңге қайта араласып, қолыңа қалтафонды алғаннан бастап баяғы әбігер басталады. Хабарлама, бейнежазба, жаңалық. Бірінен соң бірі ағылған ақпараттың ағымында адам өз дауысын өзі естуден қалады.

Қазір ересек адамның өзін есеңгіретіп, сарсаңға салып, санасын сан саққа жүгіртетін смартфон желінің жетегіндегі жасөспірімнің жан дүниесіне қалай әсер етіп жатқанын бағамдай бермейміз. Әлі буыны бекіп, бұғанасы қатпаған баланың бар уақыты экранға телміріп өтсе, оның ой-өрісі мен мінез-құлқының қалыптасуына кім жауап береді?! Кітаптың бетін ашуға ерінетін, айналасындағы тіршілікке назар аударуға мұршасы келмейтін, бар қызығын әдебі жоғалған әлеуметтік желіден іздейтін өскіннің ертеңі не болмақ?!

Әлемжелінің әлегі аз болғандай, TikTok-тың тоқтаусыз тасқыны, Instagram-ның иірімі, Threads-тің топалаңы талай жастың тәрбиесі мен танымын тұсап барады. Tіпті Тelegram арналарындағы небір анайы да ұятсыз дүниелер жас санаға салмақ салмай қоймайды.

Бұл мәселені бұған дейін де талай мәрте көтеріп, жас буынды әлеуметтік желінің шектен тыс шырмауынан арашалау қажеттігін жазып жүргенбіз. Енді көптің көкейіндегі мәселе мемлекеттік деңгейде қозғала бастады. Жақында елімізде 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салу ұсынылды. Тиісті заң жобасы Құрылтай қарауына ұсынылған. Құжатта балалардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық берілген.

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, қазір жасөспірімдердің ақпаратқа, соның ішінде зиянды әрі деструктивті мазмұндағы материалдарға қол жеткізуіне айтарлықтай тосқауыл жоқ. Осыған орай әлеуметтік желі платформаларының иелері мен олардың өкілдіктеріне пайдаланушылардың жасын тексеру міндетін жүктеу көзделіп отыр.

– Негізінен, біз айтып отырған онлайн-платформалар – әлеуметтік желілер. Бұл – жалпы әлемдік үрдіс. Кейбір елде сәтті, кейбірінде сәтсіз жүзеге асып жатыр. Дегенмен мемлекет ең алдымен осы мәселеге қатысты өз көзқарасы мен саясатын нақты айқындап, оның іске асырылуын мүмкіндігінше қадағалауы керек деп есептейміз, – деді Арман Оразбайұлы. Сонымен қатар ұсынылып отырған талаптар Egov және Kundelik платформаларына қатысы жоқ. Заң жобасында мессенджерлерге шектеу қою мәселесі де қарастырылмаған.

Әрине, мұндай бастаманың түпкі мақсаты түсінікті. Бала біткеннің бәрін қалтафоннан қағу немесе заман көшінен шеттету, шегеру көзделіп отырған жоқ. Әңгіме жасөспірімнің санасын сарсаңға салатын, уақытын ұрлап, танымын тарылтатын ақпарат ағынына белгілі бір межемен тосқауыл қою жайында. Өйткені 16-ға толмаған өреннің көргенін саралап, оқығанын ой елегінен өткізе алады деу қиын. Жас көңілдің жел сөзге желігіп, жалған да жылтырақ дүниеге елітіп кетуі де оп-оңай.

Бүгінгі буынның бетімен кетуіне жол бермей, бағыт-бағдарын бағамдауымыз керек. Бойжетіп келе жатқан қыздың қандай ортада жүргенін, кіммен тілдесіп, қандай дүниеге қызығатынын білу, ержетіп келе жатқан ұлдың қайда барып, немен шұғылданатынына көңіл бөлу ата-ана мен қоғамның ортақ міндеті. Тәрбие талбесіктен басталғанымен, баланың қалыптасуына айналасындағы ортаның да ықпалы орасан зор. Үйдегі өнеге мен түздегі тәлім жарасым тапқанда ғана жас ұрпақтың жанына ізгілік ұялайды. Дегенмен тыйымның өзі түпкілікті шешім бола алмайды. Балаға қалтафонды шектеп қана қоймай, оның бос уақытын пайдалы іске бағыттап, кітапқа, өнерге, спортқа баулу қажет. Әңгіме айтатын ата, ақыл қосатын әже, бағыт сілтейтін ұстаз, жөн көрсететін аға көп болса, жасөспірімнің жат дүниеге жетегінде кетуі де сирейді. Желіге байланған жастың назарын өмірдің өзіне бұру үшін оның жүрегіне жол табуымыз керек.

Мағжанның: «Мен жастарға сенемін» деген сенімінің салмағын сезіну бүгінгі алдыңғы буынның еншісінде. Жастың жанын желіге жем қылмай, зердесін біліммен суарып, рухын ұлттық құндылықпен шыңдауымыз қажет. Өйткені елдің ертеңі еңселі ойы мен өнегелі ісі бар өскелең ұрпақтың қолында. Жастар желіден жанын тазартып, өмірден өз орнын тапса, ұлттың да ұтары мол.

Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ

Қатысты жаңалықтар

Кітап оқыңыз, құрбым!

Кітап оқыңыз, құрбым!

Бүгін, 12:30
Президент Жолдауда ел дамуының негізгі бағыттарын айқындады

Дамудың басты бағдары

Бүгін, 12:00
Жаңа Конституция – Қазақстанның құқықтық дамуының негізі

Ата Заң үстемдігі – әділетті қоғамның негізі

Бүгін, 11:37
Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның бағдары

Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның бағдары

Бүгін, 11:37
Жалындап өткен жыр ғұмыр

Жалындап өткен жыр ғұмыр

Бүгін, 11:29

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Веб-сайт редакторы: Асыл Сұлтанғазы

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • МӘСЛИХАТТАР САЙЛАУЫ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.