2026 жылдың жеті айында өңірдегі мал басы 4 пайызға өсіп, 2,89 миллионға жеткен. Ал бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 3,2 миллион басқа жеткізу жоспарланған.
Мал басының өсімі туралы сөз болғанда ветеринариялық қауіпсіздік мәселесі де көтерілетіні даусыз. Ол бойынша аурудың алдын алу, малды уақытылы тексеру, вакцинациялау және бірдейлендіру жұмыстары өңірде тұрақты жүргізіліп келеді дейді мамандар. Бұл туралы Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен брифингте Жетісу облысы ветеринария басқармасының басшысы Нұрлан Жамаубаев мәлімдеді.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» нақылы адамға ғана емес, тіршілік иелерінің бәріне ортақ. Ал кез келген жаратылыстың бүгінгі ауырмайтын жолы – вакцинация. Ол аурудың алдын алу үшін адамзат ойлап тапқан бірегей нұсқа.
«Биыл ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарын аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы аурудан қорғау үшін 11,8 миллион доза вакцина егу жоспарланған. Жыл басынан бері жоспарланған ветеринариялық-профилактикалық жұмыстардың 90 пайызы орындалып, 8,8 миллионнан астам мал вакцинацияланды. Қалған 3 миллионнан астам доза қазан-қараша айларында жүргізілетін жұмыстарға жоспарланған», – деді басқарма басшысы.
Ветеринариялық бақылауда ауруды ерте анықтау жұмыстары да маңызды. Соның ішінде ең көп таралатын бруцеллезге қатысты зерттеулер тұрақты жүргізіледі.
«Бруцеллез ауруына диагностикалық зерттеулер бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Биыл 600 мыңнан астам ірі қара мен 1,8 миллионнан астам ұсақ малдан қан сынамасы алынды. Ауруға оң нәтиже көрсеткен жануарлар санитариялық союға өткізіледі. Бұл аурудың таралуына жол бермеу үшін жүргізілетін негізгі шаралардың бірі», – деп атап өтті сала өкілі.
Жетісу облысы мал шаруашылығын дамытуға қолайлы, аграрлық бағыттағы маңызды өңірлердің бірі деп айтуға болады. Нұрлан Қайдарұлының айтуынша, жыл басынан бері облыста ірі қараның бруцеллезіне қатысты екі қолайсыз ошақ тіркелген. Екі жағдайда да қажетті сауықтыру шаралары жүргізіліп, қазіргі кезде өңірдегі эпизоотиялық ахуал тұрақты деп бағаланды.
Басқарма басшысы ветеринариялық қызметтің жұмысын күшейту үшін оның материалдық-техникалық базасы жаңартылып, облыстық бюджеттен бұл бағытқа қомақты қаражат бөлінгенін тілге тиек етті.
«2023-2026 жылдары облыстық бюджеттен ветеринария саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2,9 миллиард теңге бөлінді. Осы қаражатқа арнайы автокөліктер, компьютерлік техника сатып алынды. Ветеринариялық ұйымдарға 83 көлік, 217 компьютер және 238 планшет берілді», – деді.
Ауылдық жерлердегі ветеринариялық қызметтің қолжетімділігі де артуда. Жаңа пункттер мен станциялар салу арқылы мамандардың елді мекендерге жақын жұмыс істеуіне жағдай жасалмақ.
«Облыста 82 ветеринариялық пункт пен 5 ветеринариялық станция салу үшін қаржы қарастырылған. Биыл Алакөл, Ескелді, Көксу, Панфилов және Сарқан аудандарында 10 мал қорымын салу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін ветеринариялық пункттерге деген қажеттілікті толық жабу жоспарланған».
Бұл бағыттағы жұмыстар бұған дейін де жүргізіліп келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Жетісу облысы құрылғаннан бері 66 жаңа ветеринариялық пункт пен бір ветеринариялық станция пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы 16 пункт пен төрт станция ашу көзделген.
Малдың бірдейлендірілуі де ветеринариялық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі. Онда әр жануардың есебі жүргізіліп, оның қозғалысын бақылауға мүмкіндік беріледі. Ауру анықталған жағдайда бұл жүйе қауіптің таралу шекарасы мен ошағын жылдам анықтауға көмектеседі.
Қазір өңірде малды бірдейлендіруге қажетті құлақ сырғаларының қоры жеткілікті. Басқарма басшысының айтуынша облыстың ветеринариялық станцияларында ауыл шаруашылығы жануарларына арналған 1,29 миллионнан астам құлақ сырғасы бар.
Мал шаруашылығының көлемі ұлғайған сайын ветеринариялық бақылаудың да маңызы арта береді. Сондықтан бұл жұмыстың нәтижесі тек мемлекеттік қызметке емес, мал иелерінің өз жауапкершілігіне де байланысты. Малын уақытылы тексертіп, қажетті екпелерді алып, ауру белгілері байқалған жағдайда мамандарға хабарлау – шаруашылықты үлкен шығыннан сақтайтын қарапайым әрі маңызды шаралар.
Айша СЕРІКҚЫЗЫ





