Сарқан ауданында биыл қант қызылшасын жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Қырман басындағы қарбалас, алқаптағы тынымсыз жұмыс – шаруалардың жыл бойғы еңбегінің нәтижесін айқындайтын жауапты кезең.
Ауданда биыл қант қызылшасын 2500 гектар алқаптан жинау жоспарланған. Қазіргі таңда оның 519 гектары қазылып, жоспарлы жұмыстың алғашқы бөлігі орындалды. Алқаптардан жиналған тәтті түбірдің бір бөлігі уақытша бурттарға жинақталып, одан әрі өңдеуге жөнелтілуде. Бүгінде бурттарда 6 мың тоннаға жуық өнім жатыр.
Жиналған өнімнің негізгі бөлігі «Ақсу қант» зауытына жөнелтіліп, өңдеуге қабылдануда. Қазіргі уақытқа дейін зауытқа 20 мың тонна қант қызылшасы өткізілген. Бұл – науқанның ұйымдасқан түрде жүргізіліп, шаруалар өсірген өнімнің дер кезінде қабылданып жатқанын көрсетеді. Зауыт тәулігіне 3,5 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге қауқарлы. Үкіметтің жоспары бойынша, 2027 жылға қарай кәсіп-орын қуаттылығын тәулігіне 4,5 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Сарқан ауданының қызылша өсіруші шаруашылықтары әр гектардан орта есеппен 450 центнерден өнім алуда. Бұл көрсеткіш қызылша өсірушілердің еңбегі мен агротехникалық шаралардың өз деңгейінде жүргізілгенін аңғартады.
Қант қызылшасы – еңбекті көп қажет ететін дақыл. Оны өсіріп-баптаудан бастап, қазып жинау, тасымалдау, зауытқа өткізуге дейінгі әрбір кезеңнің өз жауапкершілігі бар. Сондықтан науқанның табысты өтуі шаруалардың ғана емес, техника жүргізушілері, тасымалдаушылар мен зауыт мамандарының үйлесімді жұмысына байланысты.
Қазір Сарқан ауданындағы диқандар үшін басты міндет – қалған алқаптағы тәтті түбірді шығынсыз жинап, белгіленген мерзімде «Ақсу қант» зауытына жеткізу. Ал зауытқа түскен өнім өңдеуден өтіп, ел дастарқанына қажет қантқа айналады. Күзгі жиын-теріннің қызған шағында Сарқан даласында еңбек дүбірі бәсеңдеген жоқ. 519 гектардың өнімі жиналды, мыңдаған тонна өнім бурттарға түсіп, 20 мың тоннасы зауытқа жөнелтілді. Ендігі міндет – науқанды ұйымшылдықпен аяқтап, тәтті түбірден мол өнім алу.
Гүлжан ТҰРСЫН





