Еліміздің индустриялық әлеуеті артып, құрылыс саласы қарқынды даму үстінде, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы жылдың тоғыз айындағы даму қорытындылары сарапқа салынды. Жиын барысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов негізгі салалар бойынша баяндама жасады. Қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің негізгі бағыттарындағы өсім 8,6%-ды құрады. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының көлемі 11,5%-ға ұлғайып, 7,8 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп саласы бойынша жеңіл өнеркәсіпте 62,4%, химия өндірісінде 23,4% және машина жасауда 22,8% деңгейінде жоғары өсім тіркелді.
Оң көрсеткіштерге негізінен жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу тікелей ықпал етті. Жыл басынан бері жалпы құны 642,3 млрд теңгені құрайтын 106 өнеркәсіптік жоба пайдалануға берілді. Осының арқасында елімізде 8 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды.
Вице-министр Қуандық Қажкенов саладағы маңызды өзгерістерді атап өтті:
«Осы жобаларды жүзеге асыру нәтьижесінде елімізде бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлерін шығару жолға қойылды. Олардың қатарында натрий сульфаты, тамшылатып суару жүйелері, ламинат, кофе машиналарына арналған алюминий капсулалар және басқа да өнімдер бар. Жалпы, жыл соңына дейін жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 200 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр».
Өндіріспен қатар тұрғын үй құрылысының да көлемі артып келеді. Тоғыз ай ішінде елімізде 13,2 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7%-ға артық. Республикамздың 17 өңірінде оң динамика байқалса, ең жоғары өсім көрсеткіштері Алматы, Маңғыстау және Павлодар облыстарында тіркелді.
Өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс секторының жандануы Жетісу өңірі сияқты аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор септігін тигізеді. Тамшылатып суару жүйелері сияқты отандық жаңа өнімдер ауыл шаруашылығын дамытуға кең мүмкіндік береді. Жаңа зауыттардың ашылуы мен тұрғын үй құрылысының қарқыны халықты жұмыспен қамтып, баспана жағдайын жақсартуға оң ықпал етеді.





