Қаратал ауданының әкімі Ұлан Досымбеков тұрғындармен жүздесіп, өңір көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар мен көрсеткіштер жөнінде жан-жақты есеп берді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Маңызды іс-сапар Тастөбе, Жолбарыс батыр, Балпық және Айту би округтерін толық қамтыды. Жиын Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы № 826 Жарлығын орындау аясында ұйымдастырылды. Аудан басшысы ағымдағы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне жеке тоқталды. Сонымен қатар 2026 жылдың соңына дейін атқарылатын жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Ашық форматта өткен кездесуде жергілікті тұрғындар бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, мал айдауға арналған арнайы өткел салу, интернет байланысының сапасын жақсарту және ауылға кіреберіс жолды жөндеу талап етілді. Тұрғындар сондай-ақ ауылды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, егін шаруасы бағытын дамыту, көшелердің жағдайы мен коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру бойынша өз ұсыныстарын жеткізді. Одан бөлек, санитарлық тазалықты сақтау, қоқысты уақытылы шығару және тұйық көшелерге қиыршық тас төсеу жөнінде нақты пікірлер айтылды.
Тұрғындар тарапынан көтерілген барлық мәселелер мен ұсыныстар әкімнің тікелей назарына алынды. Аталған түйткілдерді шешу бағытында тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар беріліп, алдағы уақытта жүйелі жұмыстар атқарылатын болады. Жергілікті атқарушы органдар халықпен кері байланысты нығайту арқылы өңірдің әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуды басты назарда ұстайды. Тұрғындардың белсенділігі мен биліктің ашықтығы өңірдің өркендеуіне зор үлес қосады.





