Табысты бизнес құру үшін жақсы идеяның болуы жеткіліксіз. Кез келген тұрақты жоба соңында дұрыс шешім қабылдау, жауапкершілікті сезіну, қаржыны сауатты басқару және үнемі білім жетілдіру талабы тұрады.
Облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен тәжірибелік-тренинг дәл осы дағдыларды дамытуға арналды. Шараға аймақтың әр аудан мен қаласынан 80-ге жуық кәсіпкер келді. Қатысушылар сарапшылардың кеңесін тыңдап қана қоймай, кәсіпкерлік тәжірибеде кездесетін нақты мәселелерді талқылап, бизнесті дамытуға арналған жаңа құралдармен танысты және өзара тәжірибе алмасты.
Іс-шараны кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесі азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранттық жобасы аясында ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырды.
Бүгінде кәсіпкер әйел – тек жеке ісінің иесі ғана емес, сонымен қатар ұжымды тиімді басқаратын жетекші, жұмыс беруші әрі стратег. Осыны ескере отырып, тренинг бағдарламасына көшбасшылық қасиеттерді дамыту, басқарушылық дағдыларды жетілдіру, қаржылық сауаттылықты арттыру және өзгермелі экономикалық жағдайда сенімді әрекет етуге бағытталған өзекті тақырыптар енгізілді.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев кәсіпкерлерді қолдау тек бизнесті бастауға немесе нақты жобаны дамытуға жәрдемдесумен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпкерлерге жаңа білім алуға, тәжірибе алмасуға және кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндік жасау да маңызды міндеттердің бірі. Тренинг барысында қатысушылар ұжымды басқару, дағдарыс жағдайында дұрыс шешім қабылдаудың тиімді тәсілдеріне ерекше назар аударды.
Басқосуда кәсіпкер, өңірлік кеңес төрайымы Римма Салықова, халықаралық деңгейдегі тренер, Мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы Марьям Нигмеджанова және қаржы саласының маманы Әлібек Бұханов өз тәжірибелерімен бөлісті. Римма Салықова әйелдердің өзара бас қосып, тәжірибе алмасуы олардың әлеуетін арттырып, білімін жетілдіруге және күйзеліске төзімділігін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ ол әйелдер кәсіпкерлігін дамыту аймақтың тұрақты дамуының маңызды құрамдас бөлігі екенін жеткізді. Көптеген қатысушы үшін тренинг жаңа білім алатын алаң ғана емес, басқа кәсіпкерлердің жетістігіне бастайтын жолды тереңірек түсінуге мүмкіндік берген тәжірибелік кездесу болды.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыстық кәсіпкерлер палатасы онлайн және офлайн форматта 100-ден аса оқыту іс-шарасын ұйымдастырды. Оларға 1,5 мыңнан аса кәсіпкер қатысты. Бұл көрсеткіштердің соңында – жаңа мүмкіндіктер, табысты кәсіпкерлік бастамалар, ашылған жұмыс орындары және аймақ экономикасының дамуына үлес қосып отырған тұрақты бизнес жобалары тұр.
Айгүл БАЙБОСЫН





