Армения астанасы Ереван шаһарындағы Карен Демирчян атындағы спорттық-концерттік кешенде өтіп жатқан COP17 қарсаңындағы Биоалуантүрлілік мәселелері бойынша көшбасшылар саммитінің ашылу салтанаты өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауқымды экологиялық форумға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар шет елдердің басшыларымен бірге арнайы қатысты. Халықаралық жиын барысында Жер шарының экожүйесін қорғау, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтау, сондай-ақ климаттың өзгеруіне қарсы бірлескен күрес шаралары талқыланды. Саммит аясында мәртебелі меймандарға табиғатты аялау және ғаламшардың табиғи тепе-теңдігін сақтау сияқты маңызды мәселелерге арналған әсерлі де көрнекті интерактивті шоу ұсынылды. Мұндай мәдени-экологиялық бастамалар жаһан жұртшылығының назарын қоршаған ортаны қорғауға аударуды көздейді.
Қазіргі таңда биоалуантүрлілікті сақтау мен экологиялық қауіпсіздік мәселесі халықаралық саясаттың басты басымдықтарының біріне айналды. Қазақстан да бұл бағытта ауқымды реформалар жүргізіп, сирек кездесетін фауна мен флора түрлерін қорғау, орман алқаптарын көбейту бойынша белсенді жұмыстар атқаруда. Мемлекет басшысының осындай жаһандық саммиттерге қатысуы еліміздің халықаралық экологиялық міндеттемелерге адалдығын және жасыл экономикаға өту саясатын берік ұстанатынын айқын көрсетеді.
Жетісу өңірі де табиғи байлығымен, ерекше қорғалатын ұлттық парктермен және бай фаунасымен танымал. Ереванда өтіп жатқан COP17 саммитінде көтерілген бастамалар мен халықаралық келісімдер аймақтағы табиғи қорықтарды сақтауға, заманауи эко-технологияларды енгізуге оң ықпалын тигізеді. Экологиялық сауаттылықты арттыру мен табиғатты аялау – болашақ ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік.





