Елімізде құрылыс жұмыстарының көлемі мен жаңа объектілерді пайдалануға беру көрсеткіші айтарлықтай артты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 2025 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 11,5%-ға ұлғайып, 7 812,3 млрд теңгеге жетті. Саладағы оң динамика ғимараттар мен түрлі құрылыстарды салу және жөндеу жұмыстарының 14,7%-ға өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Құрылыс секторындағы іс-шаралардың негізгі ауыртпалығын отандық жеке ұйымдар көтеріп отыр, олардың үлесі 89%-ды құрайды. Ал шетелдік компаниялардың үлесі 10,3%-ға, мемлекеттік кәсіпорындардың үлесі 0,7%-ға теңесті.
Орындалған құрылыс қызметтерінің құрылымына назар аударсақ, ең жоғары үлес автомобиль мен теміржолдар, сондай-ақ метро құрылысына тиесілі болып, 25%-ды құрады. Тұрғын емес ғимараттардың үлесі 21,5%-ды, ал тұрғын үйлер құрылысы 12,6%-ды құрап отыр. Бұл деректер елімізде көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту мен әлеуметтік-коммерциялық нысандарды салуға басымдық беріліп жатқанын айқын көрсетеді.
Өңірлік тұрғыдан алғанда, республиканың 17 аймағында оң өсім байқалады. Ең жоғары қарқын Ұлытау облысында тіркеліп, көрсеткіш 2,4 есеге өсті. Қызылорда облысында өсім 31,5%-ды, Шымкент қаласында 25,4%-ды, Атырау облысында 22,2%-ды құрады. Сондай-ақ Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Абай, Алматы, Ақмола облыстары мен Алматы және Астана қалаларында да тұрақты өсім байқалды. Алматы облысында бұл көрсеткіш 11%-ды құрады.
Тоғыз айдың қорытындысы бойынша пайдалануға берілген жаңа объектілердің жалпы ауданы 16 348,9 мың шаршы метрге жетті. Соның ішінде пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7%-ға көбейіп, 13 197,7 мың шаршы метрді құрады. Оның 8 561,5 мың шаршы метрі көппәтерлі тұрғын үйлерге, ал 4 592,2 мың шаршы метрі жеке баспаналарға тиесілі.
Сектордағы мұндай оң өзгерістер өңірлердің экономикалық белсенділігін арттырып, халықты сапалы баспанамен және заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге тікелей ықпал етеді. Жетісу өңірі мен көршілес аймақтарда да құрылыс қарқынын сақтау жаңа жұмыс орындарын ашуға зор мүмкіндік береді.





