Ереванда өтіп жатқан БҰҰ Биоалуантүрлілік бойынша конференциясы (COP17) аясындағы көшбасшылар саммитінде жаһандық табиғатты қорғау және су ресурстарын тиімді басқару мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ауқымды жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, Қазақстанның Халықаралық сирек түрлерді қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі қор құру туралы бастамасына тоқталды. Президент халықаралық ұйымдар мен шетелдік серіктестерді аталған маңызды іске белсене үн қосуға шақырды. Аталған жаһандық жоба табиғи экожүйелерді қалпына келтіруге және өңірдегі биоалуантүрлілік деңгейін арттыруға тікелей бағытталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Он жылға арналған бұл бастаманы Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі ұлттық бағдарлама толықтыра түседі. Құжат табиғи мекендеу орталарын қалпына келтіруді, түрлерді қорғауды және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін кеңейтуді көздейді. Бұдан бөлек, Ұлттық генетикалық биоалуантүрлілік банкін құруға кірістік. Қазақстан аймақтық деңгейдегі табиғатты сақтау шараларына белсене қатысады. Биыл сәуір айында Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтті. Жиын қорытындысы бойынша Орталық Азиядағы экологиялық ынтымақтастық жөніндегі Астана декларациясы қабылданды. Теңіз маңындағы бес мемлекеттің қолдауымен Қазақстан Каспий теңізінің су ресурстарын сақтауға бағытталған халықаралық бағдарлама қабылдау туралы бастама көтерді», – деді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы су ресурстарын басқаруда берік халықаралық байланыс пен кооперация қажет екенін айтып, ортақ істің басты бағыттарын айқындап берді.
Президент су қауіпсіздігіне тоқтала келе: «Өткен жылы Қазақстан БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды. Тұжырымдалған идея Орталық Азия елдеріне ортақ әрі оған мүдделес мемлекеттердің барлығы үн қоса алады. Мақсатымыз – су қауіпсіздігін нығайтып, өзен-көлдер мен сулы-батпақты алқаптардың жай-күйіне тәуелді табиғи экожүйелерді қорғау», – деп атап өтті.
Еліміздің халықаралық майданда ұсынған бұл экологиялық бастамалары Жетісу өңірі үшін де үлкен маңызға ие. Аймақтағы Алакөл мен Балқаш көлдерінің су деңгейін сақтау, Жоңғар Алатауы ұлттық паркіндегі сирек кездесетін өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесін қорғау осы ұлттық және халықаралық бағдарламалар аясында жүзеге асады. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен жасыл технологияларды енгізу өңірдің туған табиғатын болашақ ұрпаққа аман-есен жеткізуге берік негіз қалайды.





